Былтыр Кентау қаласындағы жылу энерго орталығының жылу қазандықтары толықтай жаңартылды. Үкіметтен 12 млрд теңге бөлініп, 6 қазандық қайта құрылымдаудан, 2 қазандық ағымдағы жөндеуден өтті.
Одан бөлек, тозығы жеткен 85 шақырым ішкі орам жүйелері жаңартылды. Қазір Кентау мен Хантағы арасындағы 14 шақырымдық магистралды жылу құбырлары ауыстырылуда.
Биыл шаһарға жылу беретін 5-ші энерго орталықтың 2 қазандығы мен турбо агрегаты ағымдағы жөндеуден өтті. «Бұл – жабдықтардың техникалық жағдайы мен жылу жүйелерінің үздіксіз жұмыс істеуі үшін жылда атқарылатын жұмыс», - дейді мамандар. Сондай-ақ жылуға жауаптылар үкіметтің қолдауымен қазандықтардың жаңартылуы және жүйенің толықтай автоматтандырылуы жұмысты жеңілдеткенін айтады.
Мұхтар Мухиддинов, №5 жылу энерго орталығы директорының кеңесшісі:
- Бүкіл сегіз қазандық мына сегіз мониторда көрінеді. Оған қоса қай жерде қандай температура автоматты түрде ұсталуы керек, барлық параметрі көрсетілген. Сондай-ақ мониторлар көрсетпей қалған кезде осы жерден басқаруға болады. Осы жерден қосылады, автоматтандырылған. Бұрынғыға қарағанда үлкен жеңілдік болды, жұмыс орны тазаланды.
Бұдан бөлек, Кентау-Хантағы тасжолы бойындағы диаметрі 630 мм болатын 14 шақырымдық магистралды жылу құбыры да жөнделіп, жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, қалада 130 шақырым ішкі орам жүйлері бар. Оны ауыстыру 3 кезеңге бөлінген. Былтыр алғашқы кезеңде 22 шақырым құбыр жаңартылды. Биыл 42 шақырымға 1,5 млрд теңге бөлінді.
Айдар Ербаев, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының м.а:
- Қазіргі таңда 42 шақырымның 35 шақырымы жаңартылып, бітті. Аталған жұмыстарды қабылдау рәсімі жүргізілу үстінде. Кентау қаласын жылу маусымына түгелдей дайын десек те болады 90%-ы. Биыл екі кезең аяқталады. Үшінші кезең бойынша қазір қорытындысын алу жұмыстары жүргізілді. Қаржыландыру көздерін күтіп отырмыз.
Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов магистралды жылу құбыры мен ішкі орам жүйлерін толық жаңарту үшін Үкімет тарапынан қосымша қаржы қаралып жатқанын айтады. Ал алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Жандос Тасов, Кентау қаласының әкімі:
- Ағымдағы жылу маусымына дайындық шараларын толықтай атқарып жатырмыз. Алда қыркүйек айының ішінде жылу маусымына дайындық туралы паспортын аламыз. Одан бөлек, 340-тан астам көпқабатты тұрғын үй бар. Сол үйлердің 30-ы ғана қалды, қалған үйлердің барлығы қысымдап, жуып-шаю жұмыстары толық атқарылып отыр. Маусымға толыққанды үлгереміз деп жоспарлап отырмыз.
Ал Түрістан қаласында 18 орталықтандырылған және 77 автономды қазандық көпқабатты тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз етеді. Жалпы Түркістан облысында 3 мың 100-ден астам әлеуметтік нысан мен көпқабатты тұрғын үй бар. Алдағы жылыту маусымында оларға 1 жылу энергетика кешені, 34 орталықтандырылған және 2210 автономды қазандық қызмет көрсетеді.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Абуов
Тегтер #хабар24 #Түркістан облысы #жылыту маусымыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz