Қостанайда бүгін жаңа аквапарк келушілерге есігін айқара ашты. Білім күнімен тұстас келген салтанатты шараға жиналғандар көп болды.
Суға түсіп, сергіп алуды ниет еткендер де аз болған жоқ. «Сегіз аяқ» деген атау берілген жаңа авкапарк өңірдің туристік, әлеуметтік әлеуетін арттыратын іргелі жобалардың бірі. Соңғы үш жылда облыста осы тектес 30-дан аса спорт нысаны салынды. Бұл үрдіс әлі жалғаса бермек.
Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
- Қостанай қаласының маңайында облысымыздағы ең ірі спорт обьектісінің құрылысын бастадық. Ол спорт сарайы, 3 мың адамды сыйғызатын. Болашақта Қостанайда жекпе-жек орталығы ашылатын болады. Мүгедек жастарға дене шынықтыру орталығы құрылысы басталады.
Аквапарк 9 мың шаршы метрден астам аумақты алып жатыр. Ішінде 7 бассейн, 7 су сырғанағы бар. Екі қабатты кешен бір мезетте 500 адамды қабылдай алады. Су кешенінің сыртық келбеті де көпшіліктің көңілінен шықты.
Балбөпе Ертаева, Қостанай қаласының тұрғыны:
- Осындай ғимараттарымыз біздің қаламызды көркейте түседі. Біздің жастарымызға, халқымызға, елімізге өте пайдалы ғой. Суға жүзі, дене шынықтыру адам денсаулығына өте пайдалы.
Аквапарк спорт басқармасының балансына берілді. Олар нысанның тиімділігін қамтамасыз етуді көздеп отыр.
Жәнібек Жұрқабаев, Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
- Халықты тарту арқылы нысанның шығынын ақтаймыз деген ойдамын. Қазір ересектер үшін билет құнын бір сағатқа 1800 теңге деп белгілеп отырмыз. Балаларға 50 пайыз жеңілдік қарастырылған. Ал 3 жасқа дейінгі балаларға кіру тегін.
Аквапаркте 128 адам жұмыс істейді. Соның 30 пайызы – құтқарушылар.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров
Тегтер #Қостанай #аквапаркPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz