RU
Толық нұсқаға өту

Алтын іздеуге кез келген адам рұқсат алады

01.09.2026, 19:23 24

Енді елдегі азаматтарға өз бетінше алтын іздеу жеңілдейді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі арнайы кодекске өзгертулер дайындап жатыр.

Онда алдын ала арнайы жұмыс жоспарын дайындау сынды талап алынып тасталады. «Бұл саланы қағазбастылықтан арылтып, алтын іздеуге ниетті азаматтар санын арттырады», - дейді мамандар. 

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Енді осылай өзен бойын жағалап, алтын жуушылардың көбеюі мүмкін. Себебі старательдерге лицензия алу үшін талап етілетін құжаттар саны азаяды. Министрлік осыған байланысты Жер қойнауын пайдалану кодексіне өзгерістер енгізіп жатыр.

Оған сәйкес, енді 10 метр тереңдікке дейін қазуға рұқсат берілмек. Бұған дейін оларға 3 метрге дейін ғана қазуға болатын. Сондай-ақ алтын іздеушілердің қолын байлап тұрған тағы бір түйткіл шешілмек. Пайдалануға берілетін жердің көлемі 5 гектардан 15 гектарға дейін ұлғаяды.

Сондай-ақ лицензия алу үшін старательдердің алдын ала жоспар жасауы қажет емес. Сонымен қатар химиялық реагенттерсіз жуу аспаптарын қолдануға мүмкіндік берілмек. Министрлік осылайша саладағы заңсыз алтын өндірушілерді азайтуды көздеп отыр. Себебі соңғы кезде қымбат металдарды рұқсатсыз өндірушілер саны артқан. Мамандар: «Бұған нарықтағы алтын бағасының аспандауы себеп», - дейді.

Сапарбай Жобаев, экономист:

- Бір унциясы, 31,1 граммы қазір 4600 доллардан тұр. Мұндай бағаны біз ешқашан көрген емеспіз. Совет дәуіріндегі ең жоғары баға 300 доллар еді. Міне, қазір 15 есе асып кетті. Сондықтан кейбір жерлердегі осындай алтынның өнеркәсіптік емес жерлерінде де алтын қазу көбейіп кетті. Соны енді ретке салу мәселесі күн тәртібінде тұр.

Себебі бұл азаматтар заңды түрде қызмет ететін старательдерге кедергі келтіреді. Мәселен, «қара» алтын қазғыштардың артық шығындары жоқ.

Ерлан Оразбеков, геолог:

- Жұмыс жүргізу кезінде, мысалы, ликвидациялық қор деген болады. Өйткені жерді экскаватормен қопарады. Сондықтан олар банкке ақша салады. Бір гектарға шамамен 500 мың теңге салынады. Оны ликвидациялық қор дейміз. Мысалы, 5 гектарға 2,5 млн теңге бөлек салынады. Егер старатель жұмысын аяқтаса, старательдік лицензиясын тапсырып, сол жерді тазалап, толық рекультивация жасауға міндетті. Ал егер қандай да бір жағдай болып, оны істей алмаса, сол ликвидациялық қордағы қаражат жерді қалпына келтіруге жұмсалады.

Сондықтан қазір енгізгелі отырған өзгерістер азаматтарды көлеңкелі кәсіптен заңды алтын іздеушілікке ауысуға ынталандыруды көздеп отыр. Алайда бақылауды әлсіретуге болмайды дейді мамандар.

Мақсат Халық, экономист:

- Ең маңызды мәселе – алтынның табылғаны, қай жерден және қанша көлемде табылғаны, сондай-ақ қайда өткізіліп жатқаны туралы ақпарат жасырын болмауы керек. Оның барлығы цифрлық форматта жүзеге асқаны дұрыс деп есептеймін. Әйтпесе, біз лицензия алу талаптарын жеңілдетеміз. Тиісінше, сол арқылы алтынды заңсыз өткізуге, оны заңсыз нарықтарға шығаруға жағдай жасап қоюымыз мүмкін. Сондықтан лицензия алу барынша жеңіл болғаны дұрыс. Тиісінше, бақылау да жоғары болуы керек.

Сондай-ақ тау-тасты қопарып, бүлінген жерді қалпына келтірмейтіндер де көп дейді мамандар. Сондықтан заңға жауапсыз алтын жуушыларды жүгендейтін өзгеріс енгізілмек.

Алтынгүл Құрманғазы, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің басқарма басшысы:

- Жер қойнауын пайдаланушы қызметінің салдарын жою бойынша өз міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етуі керек. Біз сол механизмді өзгертіп жатырмыз. Қазіргі қолданыстағы заңда жер қойнауын пайдаланушы бұл қаражатты лицензия алған соң төлейді. Жаңа норма бойынша лицензия алмай тұрып төлеуі тиіс болады.

Осылайша, экологияға келген залал толық жойылмақ. Бұл тұмса табиғатымызды сол қалпында сақтап, барынша зиянсыз әрекет етуге мүмкіндік береді.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Әсел Орынтаева, Самат Қазанбаев, Сұлтан Қораз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz