RU
Толық нұсқаға өту

Елдегі көлік жолдары интернетке қосылады

01.09.2026, 21:58 32

Елдегі республикалық және облыстық маңыздағы автомобиль жолдары 2027 жылдың соңына дейін толық мобильді интернетпен қамтылады. 

Бұл – шамамен 25 мың шақырым жол. Цифрландырудың игілігін теміржол және әуе қатынасының жолаушылары да көреді. Бұл бағыттағы жоспар қандай? 

Бекзат Аманов, тілші:

- Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген ұланғайыр байтақ жеріміз түгел интернетпен қамтылады. Ауқымды жоба келесі жылдың соңына дейін аяқталады.

Әңгіме республикалық маңызы бар жолдар жайлы. Жауаптылар қара жол бойында 4G мобильді байланысымен қамтамасыз етілетінін айтады. Ол үшін 240-тан астам антенна-мачталық діңгек құрылысы жүргізіліп жатыр. Одан кейін облыстық маңызы бар шамамен 40 мың шақырым автожол желіге қосылады. Ең бастысы, ел қазынасынан бір тиын алынбайды дейді құзырлы министрлік. Жоба инвестициялық келісім аясында толығымен жеке қаражат есебінен жүзеге асырады. Интернетпен тек қара жол емес, шойынжол да қамтылады. Жолаушылар пойыздарындағы байланыс мәселесі жыл соңына дейін толық шешілмек.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрілігінің баспасөз қызметі:

Барлық тасымалдың 90%-ын қамтитын «Жолаушылар тасымалы» компаниясына тиесілі 1200-ден астам вагон интернетпен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі таңда 500-ге жуық вагонда желі іске қосылды. Сонымен қатар 8 жеке тасымалдаушы компания бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Олар да 2026 жылдың соңына дейін интернетке қосылады.

Бекзат Аманов, тілші:

- Әуе қатынасы да оң өзгерістен қалыс қалмайды. Биыл Air Astana компаниясының 2 ұшағына пилоттық режимде интернет қосылды. Егер сынақ сәтті өтсе, келесі жылы тағы 16 әуе кемесі желіге қосылады. Жауаптылар авиация саласында интернетті енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асатынын хабарлайды. Яғни, енді қазақстандықтар үшін интернет үйде де, түзде де, жерде де, көкте де қолжетімді болады. 

Авторлары: Бекзат Аманов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz