RU
Толық нұсқаға өту

Алматыда жаңа оқу жылында сегіз мектеп ашылды

01.09.2026, 23:29 26

Бүгін Алматыда 32 мыңнан аса бала мектеп табалдырығынан аттады. Жаңа оқу жылы шаһарда сегіз білім ордасы ашылды. 

Бұл нысандардың көп бөлігі Түрксіб және Алатау аудандарында салынды. Сонымен қатар мегаполиске іргелес орналасқан ауылдарда да жаңа мектептер бой көтерді. 

Бүгін Алматыда ашылған 8 білім ошағының 7-уі «Келешек мектептері» жобасы аясында салыныпты. Соның бірі Алатау ауданында орналасқан. Мұнда оқимын деген балаға барлық жағдай жасалған. Биыл қалада жаңа мектептерді салуға, жаңғыртуға және күрделі жөндеу үшін жергілікті бюджеттен 54 млрд теңге бөлінген.

Света Әбілғазиева, қала тұрғыны:

- Қазақстанда жер-жердің бәрінде керемет мектептер ашылып жатыр. Сол мектептер балаларымыздың болашағы үшін. Бұл мектепте барлығы қарастырылған екен. Барлық жағдай жасалған екен. Әр кабинеттің өзі қалай жабдықталған. Немелеріміздің өзі жеке-жеке отырады екен.

Бүгін Алматыға іргелес жатқан Бұлақты ауылының балалары да жаңа мектепке барды. Ескісі осыдан 30 жыл бұрын салынған екен. Оның өзінде тек бастауыштың балалары білім алған. Үлкендері көрші ауылға қатынап жүріпті. Зәулім мектептің ашылғанына ата-аналар риза.

Айнұр Оспан, Қарасай ауданының тұрғыны:

- Балаға білім алуға барлық жағдай жасалған. Бейнебақылау жүйесі орнатылған. FACE ID бар, сол үшін керемет мектеп деп ойлаймын. Қаладағы басқа да мектептерден ешқандай кемшілігі жоқ. Асып түседі деп ойлаймын.

Ғимарат 900 оқушыға есептелген. Бұл Қарасай ауданындағы сегізінші «Келешек мектебі». Осылайша, Алматымен шекаралас әрі 350 мыңнан аса тұрғыны бар аудандағы үш ауысымдық оқу мәселесі толық шешілді.

Әсел Еркінбаева, Қарасай аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Бұл мектеп барлық заманауи кабинеттермен, керекті құрал-жабдықтармен жабдықталған. STEM кабинеті, робототехника, керемет би залы бар, спортзалы бар, заманауи акт залы бар. Сонымен қатар технология, еңбек пәндеріне арналған лабораториялық, сараптама кабинеттері бар.

Елде қала мен ауыл мектебіндегі білім сапасының алшақтығын азайтуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Нәтиже жаман емес. Соңғы жылдары ауыл мектебінен шыққан республикалық олимпиада жүлдегерінің саны 10 есе артқан. Заманауи білім ошақтарының бұл алшақтықты тағы да қысқарта түсері анық. 

Авторлары: Ернұр Рысбай, Эдуард Кон

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz