2026 жылдың маусым-тамыз айларында Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеген қылмыстық істер бойынша террористік және экстремистік қылмыс жасаған 19 адам сотталды, деп хабарлайды 24KZ Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сілтеме жасап.
Сотталғандардың бірі — Алматы қаласының тумасы. Ол 2017 жылдан бері халықаралық террористік ұйымдардың қызметіне қатысқаны үшін халықаралық іздеуде болған. Ер адам Түркиядан табылып, 2025 жылы Қазақстанға депортацияланған. Елге келген соң қылмыстық іс аясында қамауға алынып, сот шешімімен 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Тағы бір іс бойынша Шымкент қаласының тұрғыны сотталды. Ол әлеуметтік желілерде терроризм идеологиясын насихаттап, таныстарын зорлық-зомбылық әрекеттерін жасауға шақырған. Сот оған 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сонымен қатар осы кезеңде жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Маңғыстау және Түркістан облыстарында 28 адам ұсталды.
ҰҚК мәліметінше, олар терроризмді насихаттау, діни араздықты қоздыру, интернетте және өз ортасында тыйым салынған материалдарды тарату, сондай-ақ экстремистік ұйымның қызметіне қатысу бойынша күдікке ілінген.
Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің тиісті баптарымен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Тегтер #ҰҚК #терроризм #экстремизм #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz