RU
Толық нұсқаға өту

Ұлттық қор: 5 трлн теңгеге жобалар іріктеледі

02.09.2026, 17:09 44

Ұлттық қор болашақ ұрпақтың игілігі үшін құрылған. Қордан бөлінетін қаржы, ең алдымен, өңірлердегі әлеуметтік инфрақұрылымның сапасын көтеруге бағытталады. 

Яғни заманауи медициналық және білім беру қызметтерінің игілігін аймақ халқы да тең көру керек. Мемлекет басшысы қор ресурстарын тек ұзақмерзімді, қайтарымы бар стратегиялық жобаларға ғана жұмсау керектігін қадап айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ұзақмерзімді пайдасы бар стратегиялық маңызды жобаларды қаржыландыру, соның ішінде Ұлттық қордан қаржы бөлу жоспарланып отыр. Қаражат оңды-солды, мақсатсыз жұмсалмайды. Мұндай қауесетті еш нәрседен хабарсыз, ниеті теріс адамдар таратады. Кез келген қордың, әсіресе Ұлттық қордың тиімділігі, ең алдымен, келер ұрпақтың игілігі жолындағы зор табысқа, нақты нәтижеге қол жеткізумен өлшенеді.

Ұлттық қор есебінен жүзеге асып жатқан әлеуметтік маңызы бар жобалардың бірі – Солтүстік Қазақстанда орналасқан Бескөл ауылындағы аудандық емхана. Оның құрылысына шамамен 5 млрд теңге бөлінді.

Смайыл Сатин, Қызылжар аудандық ауруханасы директорының міндетін атқарушы:

- Қазір балалар мен ересек адамдар бір ғимаратта қаралады. Бұл санитарлық-эпидимеологиялық тәртіпке сай келмейді. Ал жаңа емханада олар бөлек-бөлек қабылданады.

Бүгінде Ұлттық қордың қаржылық жағдайы тұрақты. Ағымдағы активтер көлемі шамамен 37 трлн теңге, ал валюталық бөлігі 65 млрд доллар. Сарапшылар оң динамика сақталса, 2030 жылға қарай соңғысы 70 млрд долларға жетеді деп болжауда. Осыған орай, алдағы жылдарға арналған трансферттер көлемі қайта қаралды.

Асан Ахметжан Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі баспасөз қызметінің басшысы:
- 2027-2029 жылдары Ұлттық қордан алынатын қаражат көлеміне қатысты мәселелер қайта қаралды. Нысаналы трансферт түрінде алынатын қаражат 5 трлн теңгеге ұлғайтылып отыр. Үкімет жоспары бойынша қосымша қаражат әлеуметтік, коммуналдық, энергетикалық және көлік инфрақұрылымы нысандарын қаржыландыруға бағытталады. Салалар мен өңірлер бойынша қаржыландырылатын жобаларды қатаң іріктеуге басымдық беріледі. Яғни бағытталатын қаржы ел ішінде экономикалық айналымды жаңғыртып, аймақтарда салық түсімін көбейтуге сеп болуы тиіс
.

Дегенмен қаржы сарапшылары Қор қаражатын байқап жұмсау керек екенін ескертеді. Бақылаусыз немесе жоспарсыз жұмсалған ақша экономикаға салмақ түсіріп, инфляцияны өсіруі мүмкін.

Расул Рысмамбетов, қаржыгер:
- Меніңше, Президент жанынан Ұлттық қор қаражатының жұмсалуын бақылайтын арнайы комиссия қажет. Бұл ақша қарапайым бюджет қаржысы сияқты бөлінбеуі тиіс. Өңірлерден нақты жобалар бойынша өтінімдер жиналып, олардың бизнес-жоспарлары мұқият қаралғаны жөн. Сонымен қатар әр нысанның қоғамдық маңызы нақты дәлелденуі керек. Ұлттық қор қаражатын дұрыс жоспарламай жұмсау инфляцияны күшейтуі мүмкін. Бұл – негізгі тәуекелдердің бірі
.

Қаржының қомақты бөлігі коммуналдық желілерді жаңғыртуға, соның ішінде жылу, су, су бұру жүйелеріне, сондай-ақ көпірлер мен жолдарды жөндеуге бағытталады. Бұл апаттық жағдайлардың алдын алып, тариф тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Авторлары: Дариға Ташенова, Саят Башимов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz