Елде зейнетақы жинағын жаңа тәсілмен инвестициялау ұсынылды. Яғни инвестициялық тәуекелдер адамның жасына қарай ескеріледі.
Мысалы, жас салымшылардың жинағын акция секілді кірісі жоғары құралдарға көп мөлшерде салуға болады. Ал зейнеткерлік жасқа жақындаған сайын мұндай құралдардың үлесі азаяды. Ол кезде тәуекелі төмен консервативті активтерге басымдық беріледі. Бұл туралы Алматыда «Капитал нарығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған бағдарлама жобасын» талқылау кезінде айтылды. Қазіргі уақытта ұзақ мерзімді капиталдың негізгі көзі – зейнетақы активтері. Олардың көп бөлігі Ұлттық Банктің басқаруына берілген. Болашақта инвестициялық қоржынды басқарушыларды көбейту қарастырылып отыр. Дегенмен бұл бастамалар қолданыстағы жинақтаушы зейнетақы жүйесінің негіздерін өзгертпейді. Жоспарды жүзеге асыру үшін «Капитал нарығы туралы» жаңа заң жобасы әзірленіп жатыр. Онда 11 кодекс пен 24 заңға өзгеріс енгізу көзделген. Заң жобасы жыл соңына дейін Құрылтайға жолданады.
Айдын Дәулетбақ, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бағалы қағаздар нарығы департаменті директорының орынбасары
- Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – бизнес пен жеке тұлғаларға, инвесторларға капитал нарығын қолжетімді ету. Яғни компаниялар тек банктің несиелеріне ғана жүгінбей, өздері тікелей нарықтан ұзақ мерзімді капитал тарту мүмкіндігіне ие болуы.
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz