RU
Толық нұсқаға өту

Президент кітабының таныстырылымы өтті

02.09.2026, 21:39 34

Бүгін Орал қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабының таныстырылымы өтті. 

Шарада сөз алғандар Президенттің жинақта жарық көрген әр жылдағы ой-пікірлерінің идеологиялық және тәрбиелік маңызына тоқталды. Атамекен өнер ордасында өткен басқосуға қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, жастар белсенділері қатысты.

«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабы – мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына қатысты Президенттің әр жылдары айтқан ой-толғамдарының жинағы. 

Мемлекет басшысының егемендікті нығайту, әділеттілік пен заң үстемдігі, ұлт сапасын арттыру, ғылым және технология арқылы бәсекеге қабілетті ел қалыптастыру, тіл мен руханиятты жаңғырту турасындағы ой-түйіндері қашан да өміршең дейді шарада сөз алған зиялы қауым өкілдері.

Жаңабек Жақсығалиев, тарих ғылымдарының кандидаты:

- Кеше бір ғана айтқан сөз, Президенттің халқымыздың амандасу мәдениетіне байланысты айтқан сөзі үлкен резонанс тудырды. Жай адам айтып жүруі мүмкін, бірақ қоғамға әсер етпейді. Мен бұл кітаппен танысып шықтым. Кітап 21 бөліктен тұрады. Мен тарихшы болғасын үш бөлігімен тереңірек таныстым. Президент сөзі қоғамда кеңірек, тереңірек насихатталу керек, әсіресе зиялы қауым ортасында, студенттік аудиторияларда деп ойлаймын.

Әсет Тасмағамбетов, тарихшы-ғалым:

- Бұл еңбектің ерекшелігіне келетін болсақ, жалпы көптеген маңызды мемлекет саясатының бағыттары бойынша, мемлекет өмірінің сатылары бойынша тұжырымды-тұжырымды ойлары жинақталған. Әр тұжырымды ойдың артында қарайтын болсақ, бірнеше беттерге келетіндей ойлар ашылады. Жалпы сол жағынан келгенде бұл өте құнды еңбек.

Жиын барысында өзге де өнер қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері «Әділетт қоғамға – шыншыл сөз» кітабының мазмұны мен көтерген мәселелері жөнінде пікір білдірді. Елдің ертеңі мен ұлттық бірлік,  жастар тәрбиесі мен рухани құндылықтарға қатысты Президент ойларының маңызына тоқталды. 

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz