«Тазы. Ұлы дала көркі». Кәрі құрлықтағы Бельгияда дәл осындай атаумен көрме өтіп жатыр.
Жалпы қазақтың тазысын еуропалықтар молынан тани бастады. Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Франция Президенті Эммануель Макронға тазының екі күшігін сыйға артқан еді. Қазір бұлар есейіп, сымдай тартылып қалды. Француз басшысы ара-тұра бірге суретке түсіп, жариялап қоятыны бар.
Айтпағымыз, осы Еуропада өтіп жатқан қазақ тазысына аралған фотокөрме. Жиынға көзайым болып келіп жатқан жұрт көп.
Мұндағы фотосуреттер қазақы ит тұқымының сын-сымбаты мен өзіндік ерекшелігін айқындайды. Көрмені ұйымдастырушы Абзал Досымен еуропалық көрерменге қазақтың құмайын, оның жүйріктігі мен естілігі өзге хайуандардан әлдеқайда жоғары екендігін паш еткісі келеді.
Абзал Досыман, «Nomad» ұлттық аңшылық клубының мүшесі:
- Біз осы уақытқа дейін Түркия, Финляндия мемлекеттерінде өткіздік. Бұл біздің үшінші фотокөрмеміз. Осындай көрмелерді жүйелі түрде ұйымдастырып тұратын боламыз алдағы уақытта.
Көрмеге былайғы жұрттан бөлек, Еуропарламент депутаттарымен қатар Бельгиядағы қала әкімдері келді. Елшілер мен дипломаттар да бар. Халықаралық ұйым, бизнес, мәдениет және БАҚ өкілдері де осында. Бәрі де қазақтың бай мәдениетіне тәнті. Оның ішінде тазының жөні бір бөлек.
Франк Депайф, тәуелсіз авторлар, режиссерлер және продюсерлер кәсіби федерациясының бас хатшысы:
- Мен иттерді өте жақсы көремін. Сол себепті бір кездері жоғала бастап, кейін қайта қалпына келген бұл тұқыммен танысу маған қызық болды. Меніңше, тазы – Қазақстанның туристік әлеуетінің бір бөлігі. Оны кеңінен насихаттау керек. Көп адам Қазақстанға барып, тазы өсіретін орталықтарды көріп, бұл тұқымның қалай бапталатынын қызыға тамашалар еді.
Көрменің дәл Бельгияда өтуінің өзіндік мәні бар. Осындағы Тюэн қаласында Халықаралық кинологиялық федерацияның штаб-пәтері орналасқан. Екі жыл бұрын дәл осы ұйым қазақ тазысына мойындап, Қазақстанды осы тұқымның шыққан елі ретінде бекітті. Ендігі мақсат – толық, халықаралық мәртебеге қол жеткізу.
Ив Де Клерк, Халықаралық кинологиялық федерацияның атқарушы директоры:
- Тұқымды толық мойындау үшін кемінде он жыл қажет. Осы уақыт ішінде мамандар тазының дамуын, денсаулығын және өсіп-өну процесін бақылайды. Генетикасын сақтап, өзге тұқымдармен араласып кетпеуіне ерекше мән береді.
Бұл күндері көрмеден бөлек Халықаралық кинологиялық федерацияның штаб-пәтерінде тазы мәселесіне қатысты талқылаулар да өтіп жатыр. Ең бастысы қазір Еуропа жұртшылығы қазақ тазысын тани бастады. Федерация музейінде қазақы ит тұқымы туралы кітаптар мен тазының фотосуреттерін де көруге болады.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы
Тегтер #Брюссель #Қазақ тазысы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz