Індет өршігенмен, балаларды вакциналау қарқыны бәсеңдеп барады.
ЮНИСЕФ осылай деп дабыл қақты. Осының салдарынан кей елдерде жұқпалы дерттер өршіп барады. Мәселен, АҚШ-та жыл басынан бері қызылша жұқтырғандар саны шамамен 3 мыңға жетті. Бұл кейінгі 30 жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткіш. Тіпті Пенсильвания штатында кеселден екі адам көз жұмған. Жалпы аймақта қаңтар мен тамыз аралығында 400-ге жуық адам кесел жұқтырған. Олардың дені – екпе алмаған жеткіншектер. Өйткені кейінгі уақытта екпе баланың табиғи иммунитетін әлсіретеді деп одан бас тартатын отбасылар көбейген.
Джош Шапиро, Пенсильвания штатының губернаторы:
- Қызылша – алдын алуға болатын ауру. Бұл әр ата-ананың мойнындағы жауапкершілік. Қызылша, паротит және қызамыққа қарсы вакцинаның екі дозасы ұзақ мерзімді иммунитет қалыптастырады, әрі аурудан 97 пайызға дейін қорғайды. Қазір індеттің таралу қаупі сейілмей тұрған шақта мен ең алдымен әке ретінде екпенің аурудан қорғайтынына сенімдімін.
Зерттеуге сүйенсек, екпе әлемде жыл сайын 4 миллион 400 мыңға жуық адамның өмірін сақтап қалады. Былтыр вакцинаның бір дозасын 115 миллион бала салдырған. Тағы 20 миллионға жуығы екпе алмады. Бұл коронавирусқа дейінгі көрсеткіштен 1 жарым миллионға көп.
Тегтер #АҚШ #қызылша #әлем жаңалықтары
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz