Оралда өткен ғылыми-практикалық конференцияда сот жүйесінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселесі талқыланды.
Басқосуда құқық қорғау органдарының өкілдері тәжірибесімен бөлісіп, түйінді жайттарды тілге тиек етті. Іс-шараны облыстық сот пен Судьялар одағы бірлесе ұйымдастырды.
Құқық қорғау органдарының басшылары мен тіл жанашырлары бас қосқан конференцияда құқықтық құжаттарды мемлекеттік тілде сапалы әзірлеу, заң терминологиясын біріздендіру және мамандардың кәсіби тілдік деңгейін арттыру жайы талқыланды. Конференцияға қатысқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев мемлекеттік тілдің құқықтық кеңістіктегі ерекше орнын атап өтті.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
- Тіл – халықтың рухани байлығы мен ұлттық болмысының өзегі, ал мемлекеттік тіл – мемлекеттілігіміздің басты нышандарының бірі. Сондықтан қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту және оның қоғамдағы беделін арттыру – баршамызға ортақ міндет. Осы бағытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев барлық жергілікті атқарушы органдарға тиісті жұмыстарды жүзеге асыруды тапсырған.
Конференцияға қатысушылар мемлекеттік тілдегі электрондық құжат айналымын жетілдіру жайын да көтерді. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар азаматтарға сот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Досжан Әмір, ҚР Судьялар одағының төрағасы:
- Қылмыстық іс жүргізу, азаматтық іс жүргізу кодекстерінде және басқа да заңдарда ҚР-да қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылық, өзге де істердің тек мемлекеттік тілде қаралатыны нақты көрсетілген. Сондықтан бұл қағиданың қаншалықты дұрыс қолданылып жатқаны маңызды мәселе. Осыған байланысты біраз кемшіліктердің беті ашылып, айтылды. Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі, ол өзінің нақты міндетін атқарады деп ойлаймын.
Конференция соңында мемлекеттік тілдің мерейін үстем қылып жүрген сот саласының өкілдері мен мемлекеттік қызметшілер марапатталды.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап
Тегтер #24KZ #сот ісі #мемлекеттік тілPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz