RU
Толық нұсқаға өту

Ақмола облысында 3 млн тонна астық қамбаға құйылды

03.09.2026, 19:20 39

Ақмола облысының диқандары егін орағы басталғалы 2 млн гектар алқаптан 3 млн тонна бидай жинады. Қазір науқанның қызған шағы.

Астықты шашау шығармай уақытында жинап, қамбаға құйып алу керек. Сондықтан шаруалар барлық күшті жұмылдырып, тынымсыз еңбек етіп жатыр. Күн райы да қолайлы болып тұр.

Абзал Азаматұлы, тілші:

- Биыл Бұланды  ауданында 280 мың гектарға жуық алқапқа дәнді және майлы дақылдар егілді. Биылғы жылдың ерекшелігі орақ науқаны жылдағыдан ертерек бастады. «Қазір астықтың шығымы жақсы», - дейді мамандар. Мысалға мына алқаптағы бидайдың өнімділігі гектарынан 25 центнерді құрайды.

Бұланды ауданындағы мына серіктестік биыл 80 мың гектардан астам алқапқа дәнді-дақыл септі. Басым бөлігі бидай. Күзгі жиын терімді тамыз айының басында бастады. Қазір диқандар бітік шыққан бидайды қамбаға құйып жатыр.

Қуантай Сұлтанов, серіктестіктің атқарушы директоры:

- Иә, биыл бізде жауын-шашын аз болды. Күннің қатты ыстығы егіннің өнімділігіне сәл әсер етсе де, қамырлығы  жақсы. Қазір біз дәнді дақылдардың 63 пайызын, майлы дақылдардың 38 пайызын орып алдық. Күзгі жиын-терім науқанына 700-ге жуық адам жұмылдырылды.

Сергей Ламонов, механизатор:

- Мен механизатор болып 25 жылдан бері жұмыс істеймін. Егіннің шығымы әр жылы әртүрлі болады. Күтіп баптауға да байланысты. Біз күзде дәнді сепкесін, жаз бойы химиялық өңдеуден өткізіп, қарап отырымыз. Астықтың биылғы шығымы жаман емес.

Жиналған өнім бірден элеваторларға жеткізіліп жатыр. Астық қабылдау мекемелері тоқтаусыз жұмыс істеуде.

Анатолий Доронин, астық қабылдау мекемесінің басшысы:

- Иә, қазір тәулік бойы үш ауысымда жұмыс істеп жатырмыз. Әр қызметкер шамамен 8 сағат қызмет етеді. Біздің элеватордың қуаты 153 мың тонна. Қазіргі уақытта соның 40 пайызы толды. Алты бірдей астық кептіру қондырғысы жұмыс істеп тұр. Бірақ биылғы өнімнің ылғалдылығы 20 пайыз ғана. Құрғақ бидай келіп жатыр.

Жаздағы аптап ыстық бидайдың  ерте пісіп, жетілуіне ықпал етті,-дейді мамандар. Жиналған астықтың 80 пайызының құрамындағы қамырлығы пен ақуыз мөлшері жоғары. Бұл әлемдік нарықта сұранысқа ие Hi-Pro стандартына сәйкес келеді.

Ренат Қасенов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Биылғы жылы астықтың сапасы былтырғы жылмен салыстырғанда жоғары. Көрсеткіштерге келетін болсақ, қазіргі таңда облысымыздың 67 астық қабылдайтын элеваторлар бар. Соған 900 мың тонна егін түсті. Соның 500 мыңы бидай болып келеді. Сол бидайдың 80 пайызы жоғары көрсеткіш болып келеді.

Айталық, былтыр өңір диқандары жеті жарым млн тонна астық жинап, рекорд жасаған еді. Биыл сол көрсеткішті жаңартуға ниетті. Ауа-райы қолайлы болса қамбаға 8 млн тонна бидай құйылады.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz