Елде енді есту қабілеті бұзылған азаматтарға арнайы аппарат алу жеңілдемек. Бұдан былай ол үшін «мүгедектік» мәртебесі керек емес. Бүгінде Қазақстанда құлақ мүкістігі бар 32 мыңға жуық адам бар. Оның 5 мыңнан астамы - бала. Ал бұл өзгерістер қамкөңіл жандарға қамқорлық танытып, құқықтарын қорғаудағы маңызды істердің біріне айналмақ. "Әрі олардың білім алуға, кедергісіз қарым-қатынас жасауға және қоғамға тез бейімделуге мүмкіндік береді", - дейді мамандар.
Әр қазақстандыққа тең мүмкіндік жасау - әділетті әрі инклюзивті қоғам құрудың басты кепілі. Денсаулық сақтау министрлігі де осы қағиданы берік ұстанып, медициналық көмектің аясын кеңейтіп жатыр. Мәселен, бұған дейін әлеуметтік қорғау жүйесі аясында мүгедектігі бар азаматтардың жекелеген санатына ғана есту аппараты берілетін. Қазір бұл нормаға өзгеріс еніп, енді есту қабілеті бұзылғандарға тиісті мәртебесі болмаса да, дыбыс күшейткіш құрал ұсынылады. Ол үшін сурдолог дәрігердің қажетті қорытындысы болса жеткілікті.
Римма Суатбаева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас сурдологы:
- Бұрын төртінші дәрежелі құлақ мүкісті бар азаматтар үшін ғана есту аппараты беріліп келді. Ал екінші және үшінші дәрежелі есту қабілеті бұзылғандар өз қаражатына сатып алатын. Қазір дыбыс күшейткіш құралды кез келген бұзылысы бар азаматтар мемлекеттен тегін ала алады. Ол үшін сурдолог дәрігердің тиісті қорытындысы болуы шарт.
Жаңашылдыққа сәйкес науқастар тек есту аппаратымен емес, қызметтердің толық кешенімен қамтылады. Бұған қоса, қазір балалардың есту қабілетін ерте анықтау жүйесі де дамып келеді, дейді мамандар.
Римма Суатбаева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас сурдологы:
- Бүгінде аудио-логиялық скринингке цифрлық бақылау енгізілді. Ол балалардың есту қабілетін бірден анықтай алады. Цифрлық шешімнің арқасында ерте бастан анықталған жағдайлардың саны үш есе артты. Нәтижесінде дәрігерлерге емдеу мен оңалтуды ертерек бастауға жол ашылды.
40 жылдан астам есту аппаратын тағатын Жангелді Бекбатыров бұрындары мұндай мүмкіндіктің болмағанын айтады. Сондықтан қарияны бұл жаңалық қуантты. Себебі аппаратты сатып алу үшін қомақты қаржы керек екен.
Жангелді Бекбатыров, қала тұрғыны:
- Аппаратқа 177 мың теңге бөлінген бюджеттен. Бірақ олардың бағасы әртүрлі, жеткізушілер әртүрлі. Біз портал арқылы таңдап аламыз. Егер мен жақсы сапалысын алғым келсе, мен қалғанын қалтамнан төлеуіме тура келеді. 2 млн 400 мыңға дейінгі аппараттар бар қазір ең жоғары сапалы.
Ал «Қазақстан Саңыраулар қоғамы» бірлестігінің президенті: «Жанайқайымыздың бір парасы еленді», - дейді. Бұл ұйымның мақсат-міндеті де сол, құлақ мүкістігі бар жандарға қамқорлық танытып, құқықтарын қорғау.
Сайлаугүл Омарханова, "Қазақстанның саңыраулар қоғамы" ҚБ президенті:
- Мысалы, құлағы естімейтін адамның мәлімет алуы үшін есту керек қой. Қандай сурдоаудармашы аударма жасап тұрса да, өз құлағымен мәліметті естігендей болмайды. Мемлекет тарапынан қолдау бар қазір қолдау бар. Әлеуметтік жағынан жылына 60 сағат сурдоаударма қызметі көрсетіледі.
Саңыраулар қоғамының президенті енді құлақ мүкістігі бар азаматтарды жұмыспен қамту мәселесін де қарастыруды ұсынады. Себебі елдегі қамкөңіл жандардың саны артып жатыр, дейді. Қазір мемлекетте есту қабілеті бұзылған 32 мыңға жуық адам бар. Оның 5 мыңнан астамы бала.
Авторлары: Альмира Оразбай Мадияр Кындыбаев
Тегтер #есту аппараты #Таңдаулы #құлақ мүкістігі #жеңілдікPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz