Қазақстанда 124 теміржол вокзалын реконструкциялау және қайта жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Қазір оның 100 нысанында құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған, деп хабарлайды «24KZ» ortcom.kz-сілтеме жасап.
Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылуда. Негізгі мақсат — теміржол вокзалдарын жаңартып, жолаушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау.
Нысандардың жағдайына қарай кейбір вокзалдарға күрделі жөндеу жүргізілсе, бірқатар елді мекенде жаңа жолаушылар кешендері салынған. Кей ғимараттардың аумағы кеңейтіліп, көтергіш құрылымдары күшейтілді. Сондай-ақ конкорстар, жаңа жолаушылар платформалары мен аялдау павильондары салынды.
Жаңғырту барысында вокзалдардың шатырлары мен қасбеттері жаңартылып, су, жылу, кәріз және электрмен жабдықтау жүйелері ауыстырылды. Ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп, вокзал маңындағы аумақтар абаттандырылды.
Жолаушылардың қауіпсіздігіне де көңіл бөлінген. Вокзалдар бейнебақылау, өрт және күзет дабылы, кіруді бақылау жүйелерімен жабдықталуда. Сонымен қатар интроскоптар мен металл іздегіштер орнатылып жатыр.
Ерекше қажеттілігі бар жолаушылар үшін де жағдай жасалуда. Вокзалдарда пандустар, лифтілер мен көтергіш құрылғылар, тактильді навигация, бейімделген санитарлық бөлмелер және ақпараттық көрсеткіштер қарастырылған.
Бағдарлама аясындағы жұмыстар толық аяқталғаннан кейін жаңартылған вокзалдар жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттырып, теміржол инфрақұрылымын заманауи талаптарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #вокзалPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz