RU
Толық нұсқаға өту

Алматыда алаяққа алданған 28 отбасы үйсіз қалды

04.09.2026, 20:12 31

Алматыда 28 отбасы алаяқтарға алданып үйсіз қалды. Олар қаржыны IRIS тұрғын үй кешенінің құрылысына аударған. 

Баспананы алдын ала сатып алып, келісім-шартқа отырады. Алайда қуаныштары ұзаққа бармады. Тұрғындар кілт алатын кезде пәтердің өздеріне тиесілі емес екенін естіп, қайран қалды. Барлық баспана басқа адамдардың атына рәсімделген болып шықты. 

Таунхаусқа ақша құйған үлескерлер алдымен құрылыс компаниясын түгелдей зерттеген. Бұған дейінгі жұмыстарымен танысып шыққан. Күмәнді ештеңе таппаған. Содан кейін қана келісім жасайды. IRIS тұрғын үй кешені «Қарағайлы» шағын ауданында орналасқан. Алғашқы кезеңі – 4 ғимарат. Барлығы – 28 пәтер. Жобаны «Topolov Group» серіктестігі жүзеге асырған. Құрылысы 2021 жылы басталып, екі жылдан соң кілтін береді. Ал құжаты дайындалып жатыр деп сендіреді.

Мұрат Наурызбаев, қала тұрғыны:

- 2023 жылы бізге кілт тапсырылғаннан кейін, жөндеу жұмыстарын жасап, осы үйге кіріп алдық. Алдымен «Отбасы банкке» ата-анамның үйін кепілге қойып, құрылыс компаниясына пәтердің 100 пайыз ақысын төлеп алдым.

Қазір бұл үйде отбасымызбен тұрып жатырмыз, алайда құжаттарды әлі қолымызға алған жоқпыз. Мен үш баланың әкесімін, отбасымның асыраушысымын. Ай сайын несиемді төлеп келемін.

Мұрат Наурызбаев тағы 5-6 отбасы жылдамдатып жөндеу жұмыстарын жасап пәтерлеріне кіріп алған. Себебі басқа тұратын жеріміз жоқ дейді. 28 адамның басым бөлігі Мұрат сияқты ақшасын толық төлеген. Ал кейбірі құрылыстың бас кезінде қаржы салуға батпай, кейінірек сатып алған.

Ирина Агбал, қала тұрғыны:

- Сенесіз бе? Құрылыс салушы туралы бірде-бір жағымсыз пікір естімедім. Мен алған кезде кешеннің 70 пайыз құрылысы бітіп тұрды. Әрине, содан кейін сендім. Біз сөйтіп жөндеу жұмыстарын бастап кеттік. Кейін тұрғын үй кешенінің банкте кепілдікте тұрғанын білдік. Бізге оны құрылыс салушының өзі 22 пәтерді кепілдікке қойғанын 6-ын инвесторға сатып жібергенін ашық айтты.

IRIS тұрғын тұрғын үй кешеніндегі таунхаустардың құны 44-70 млн теңге аралығында бағаланған. Жалпы үлескерлер құрылыс компаниясына 1 млрд 300 млн теңгеден аса қаражат төлеген. Пәтерлердің банкте кепілдікте тұрғанын білген соң тұрғындар осы жылдың басында полицияға арыз түсірген. Қазір баспаналарын өздеріне қайтара алмай, адвокат жалдап әбігерге түсіп жүр.

Анар Катебаева, адвокат:

- Тұрғындар Қайыр Тополовтың нысанды пайдалануға беру актісін алып алғанын 2025 жылы бірақ білген. Шын мәнінде құжат оның қолында 2023 жылдың желтоқсан айында болған. Сол кезден бастап, ол пәтерлерді өзінің таныс адамдарының атына тіркеген. Олар 9 адам. Барлығы банктен  инвестициялық қарыз алған. Оны сатып алушылар кейін білген.

Салтанат Әзірбек, қалалық полиция департаментің ресми өкілі:

- Іс аясында арызданған барлық 28 азамат ресми түрде жәбірленуші деп танылды. Қылмыстық іс аясында 3 күдікті ұсталып қазіргі таңда тергеу изоляторында қамауда. Олардың іс-әрекеттеріне міндетті түрде құқықтық баға берілетін болады.

Қазір аса ірі мөлшердегі алаяқтық бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Осыдан бір жарым ай бұрын баспасөз мәслихаты өткен. Әзірге өзгерген ештеңе жоқ. Тергеудің жүріп жатқанына да 9 ай болды. Алда қыс. Үйде электр энергиясы ғана бар. Жылу мен газ жоқ. Пәтерлер әрлеусіз берілген. Қолдарында құжат болмаған тұрғындар не істерлерін білмей дал болып отыр. Қатарларында көпбалалы ана мен зейнеткерлер бар. 

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz