Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендетті. Яғни несие құны біртіндеп орта мерзімде арзандауы мүмкін.
Бүгінгі шешімге инфляцияның 11 ай бойы бәсеңдеп келе жатқаны себеп. Бұл – нарық үшін жағымды жаңалық. Алайда Ұлттық банк инфляцияға қысым көрсететін факторлар әлі де бар деп есептейді.
Тамызда жылдық инфляция 9,8%-ға түсіп, бір таңбалы мәнге жетті. Ұлттық банктің есебі бойынша оған бірнеше фактор себеп: осы кезге дейін жүргізіліп келген ақша-кредит саясаты, теңгенің нығайғаны және Үкіметпен бірлескен жұмыстың нәтижесі инфляцияны тежеуге мүмкіндік берді.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
- Шешім болжамды раундтың нәтижелеріне негізделді. Комитет қазіргі макроэкономикалық жағдайға, ақша-кредит шарттарына, деректер мен тәуекелдер балансына кешенді талдау жүргізді. Тамыз айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция қарқыны 11 ай қатарынан төмендеп, 9,8%-ға дейін төмендеді.
«Ұлттық банктің міндеті инфляцияны жай ғана 10%-тен төмен түсірумен шектелмейді», - дейді реттеуші органның басшысы. Ең үлкен мақсат – 2028 жылы оны 5% шамасында тұрақтандыру. Биылға арналған инфляция бойынша болжам өзгеріссіз – 9-11%, ал келер жылға болжам 6,5-8,5%-ке дейін көтерілген.
Ақылжан Баймағамбетов, ҚҰБ төрағасының орынбасары:
- Баға тұрақтылығы бизнеске де, халыққа да қажет. Бизнес болашағын жоспарлай алады, ал адамдар ақшасын үнемдей алады. Cондықтан біз нарықтағы жағдайды мұқият назарда ұстаймыз. Мақсатымыз – инфляцияны 5%-ға дейін түсіру.
«Бүгінгі оң өзгерістер көңілге медеу болғанымен, босаңсуға болмайды», - дейді Ұлттық банк өкілдері. Инфляцияны қайта өршітуі ықтимал тәуекелдер бар кезде базалық мөлшерлемені одан әрі төмендетуге мүмкіндік аз. Мөлшерлеме бойынша келесі шешім 23 қазанда белгілі болады.
Авторлары: Дариға Ташенова, Бағдат Қайыркен, Искандер Серғалиев
Тегтер #Ұлттық банк #базалық мөлшерлеме #нарық #көрсеткішPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz