Маңғыстау облысының Өмірзақ ауылында «Жас теңізші» сыныбы ашылды. Бұл – еліміздегі әскери-патриоттық тәрбие беру бағытындағы «Жас шекарашы» бағдарламасымен ашылған алғашқы арнайы сынып.
Жоба аясында жоғары сынып оқушылары шекара қызметінің қыр-сырын мектепте жүріп меңгереді.
Ауыл мектебінде алғашқы әскери даярлық сабағы өтетін кабинет биыл «Жас теңізші» сыныбына арналып жабдықталды. Шекарашылар кезекті сабақтың мазмұнын түсіндіру мақсатында сүңгуірлер қолданатын құралдарды әкелген. Жоғары сынып оқушылары үшін теңізші киімі арнайы тігілген.
Ақылбек Нұралы, оқушы:
- Мен келер жылы мектеп бітіремін. Мектепті бітіргеннен кейін әскери шекарашылардың жоғары оқу орнына түскім келеді. Менің арманым – әскери шекарашы болу.
Әскери шекарашылар айына екі рет дәріс өткізеді. Елімізде шекара қызметінің қалыптасу тарихын, ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты құрлық және теңіз әскерлерінің қызметі туралы айтады. Шекарашы мамандықтарымен таныстырып, жас буынды қызықтырған сұрақтарға жауап береді.
Гүлнұр Жұматаева, мектеп директоры:
- Өздеріңіз білесіздер, Маңғыстау облысы – теңізбен тарихы түйіскен өлке. Өзімен теңіз арқылы шектескен мемлекеттік шекараны қорғауға баулу. Біз тек осымен шектеліп қалмаймыз. Одан әрі қарай өзінің жалғасын табады. Себебі қазіргі таңда 8, 9, 10 және 11 сынып оқушыларын тартып отырмыз. Алдағы уақытта бесінші сыныптан бастап балаларымызды осы «Жас теңізші» сыныбына алғымыз келіп отыр.
Талғат Исламұлы, тілші
-Теориялық сабақтардан соң балалар әскери бөлімге барып, шекарашылардың бір күндік өмірімен танысады. Саяхат бағдарламасы ауқымды әрі қызықты. Жоғары сынып оқушылары еліміздің шекара флотымен танысып, жауынгерлік құрал-жабдықтардың қолданылуын іс жүзінде көреді деп жоспарланған.
Сұлтан Баймағанбетов, ҚР ҰҚК ШҚ департаменті жағалау күзеті дивизионы командирінің орынбасары:
- Осы мектептің түлектері болашақта бізге үміткер ретінде болып жатса, әрине осындай үміткерлер қазіргі таңда 9-11 сынып оқушыларының арасында бар. Біздер оларды әрі қарай жоғары әскери оқуына түсуге дайындаймыз. Алдағы уақытта Білім басқармасымен келіссөздер өткіземіз. Болашақта Маңғыстау облысында «Жас шекарашы» сыныптарын ашу жұмыстарын жалғастырамыз.
Осылайша, шекара қызметінің офицерлері мектеп қабырғасында жүріп-ақ, балаларды әскери өмірге баулмиды. Айта кетсек, жағалау күзеті дивизионына қабылданатын жас сарбаздар қараша айында ант береді. Салтанатты шараға «Жас теңізші» сыныбының оқушылары да қатыспақшы.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев
Тегтер #24KZ #Жас теңізші сыныбы #Маңғыстау облысы #Өмірзақ ауылыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz