Құтқарушылар жылыту маусымының алдында баспаналардағы пештің дұрыстығын, электр сымдарының жалғануы мен басқа да жылыту қондырғыларын қарап шықты. Әсіресе аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға баса көңіл бөлінген.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Жылыту маусымының алдында құтқарушылар әр үйді аралап, қауіпсіздік шараларын тексеріп тұрады. Қажет болған жағдай да, улы газға қарсы дабыл қаққыш құрылғыларын орнатып, толып қалған пеш мұржаларын да осылай тазартып береді.
Өңірдегі жылыту маусымы бірер аптадан кейін басталады. «Сондықтан пештің дайындығы маңызды. Алайда олардың көбі жылу маусымына дайын емес», - дейді мамандар. Бірінің мұражасы бітеліп қалса, енді бірінің қабырғасы жарылып кеткен.
Досбол Жақсыбаев, облыстық ТЖД басқарма бастығының орынбасары:
- Рейд барысында пештердің жарамсыз күйде болуы, электр сымдарының ретсіз оралып жатуы сияқты өрескел қателіктерді анықтадық. Бірден үй иелеріне ескерту беріп, барлығын қалыпқа келтіруді тапсырдық. Алдағы уақытта да қайта тексеріп, қадағалап отырамыз.
Құтқарушылар тек мұржаларды тазалап қана қоймай, улы газдан сақтандыратын дабыл құрылғысын да орнатып жатыр. Соңғы бес жылда мамандар 12 мың баспанаға осындай құрылғы қойып берген. Нәтижесінде тілсіз жаудан 30 адамның өмірін сақтап қалды. Ал осы жылы дабыл қаққышты әзірге 80 үйге ғана орнатты.
Рыспай Ерденов, Көкшетау қаласының тұрғыны:
- Көмегі өте көп. Өйткені балалар болғанда да, естияр балалар ғой, мектепке баратын. Дабыл қақса, не істейтіндерін айтып кетемін. Есікті ашыңдар, көршіге айтыңдар, естияр адамдарға хабарласыңдар деп айтамын. Дабыл қаққыш қойғаны өте жақсы болды.
Мұндай құрылғылар бірінші кезекте көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған жанұялардың баспаналарына орнатылады. Мамандар ол отбасыларды ерекше бақылауға алған.
Досбол Жақсыбаев, облыстық ТЖД басқарма бастығының орынбасары:
- Қазір бізде шамамен 9 мыңға жуық аз қамтылған отбасы тіркеуде тұр. Біз алдымен сол отбасыларды аралап, тексереміз. Көпбалалы жанұялар да қатаң назарға алынған.
Ал аймақта өрт дерегі көбеймесе, азаймай тұр. Әсіресе жылыту маусымы кезінде тіпті өрши түседі. Мәселен, былтырғы жылыту кезеңінде 325 өрт тіреліп, 7 адам көз жұмды.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко
Тегтер #Ақмола облысы #үйлер #өрт қауіпсіздігі #Заң мен тәртіпPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz