Ұлытау облысында кенді аумақтарды әуеден барлау жұмыстарының 80 пайызы аяқталды.
Аэрогеофизикалық түсірілім ұшақ пен дрондарға орнатылған заманауи құралдардың көмегімен жүзеге асырылуда. Қазір өңірде мемлекеттік бағдарлама аясындағы геологиялық барлау бірнеше алаңда қатар жүріп жатыр. «Ірі масштабтағы зерттеу жұмыстары болашағы бар учаскелерді жедел анықтауға мүмкіндік береді», - дейді мамандар.
Аэрогеофизикалық зерттеуге арналған мына ұшаққа ең озық заманауи құрылғы орнатылған. Ол әуеге бір көтерілгенде топырақ қабатындағы радиоактивті элементтердің мөлшерін, жердің тартылыс күші мен магнит өрісін анықтауға мүмкіндік беретін бірнеше түсірілім жасайды. Зерттеу жұмыстарына ұшақпен қатар көлемді дрондар да кеңінен қолданылады. Мамандар жаңа технологияның көмегімен барлау ісіне кететін уақыт анағұрлым азайғанын айтады.
Дмитрий Инкин, геолог:
- Ұлытау – пайдалы қазбаға бай өлке. Мұнда, әсіресе мыстың мол қоры бар. Геологиялық барлау кезінде болашағы бар учаскелер анықталды. Қазір осы жерлерде кешенді зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Алынған геофизикалық ақпарат тыңғылықты өңделіп, соның нәтижесі бойынша барлау жұмыстарының алдағы жоспарлары жасалады.
Мемлекеттік бағдарлама аясында қолға алынған геологиялық барлау жұмыстарымен ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев танысты. Барлау жұмыстары «Ұлытау 1», «Ұлытау 2» және «Ұлытау 3» деп аталатын учаскелерде жүріп жатыр. Оның жалпы ауданы 36 мың шаршы шақырым. Әуедегі түсірілімнен бөлек бұрғылау жұмыстары да басталды.
Ғалым Нұржанов, геологиялық барлау компаниясының бас директоры:
- Бірінші аэрогеофизикалық жұмыстар жүргізіп жатыр. Одан кейін КГК бұрғылау жұмыстарын, ең артында калонкалық бұрғылау жұмыстарымен аяқтаймыз. Одан кейін зертхананың дәлелдерін алғаннан кейін үлкен ауқымды есеп жасаймыз. Сол есепке байланысты болашақта біздің мемлекеттік геологиялық қызмет базасына енгізіледі.
Ірі масштабтағы геологиялық барлау жұмыстарының мемлекеттік бағдарламасы 2026-2028 жылдарға жоспарланған. Оны жүзеге асыру үшін арнайы консорциум құрылып, үкімет резервінен үш жылға 110 млрд теңге бөлінді. Осы аралықта зерттеу жұмыстары Ұлытау облысынан бөлек Абай, Түркістан, Алматы, Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарын қамтиды.
Ерлан Ғалиев, «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ басқарма төрағасы:
- Геологиялық барлау жүргізетін компанияларға жоспарланған жұмысты сапалы әрі уақытында орындау міндеті қойылды. Қоршаған ортаны қорғау мен еңбек қауіпсіздігіне қатысты барлық міндеттердің сақталуы қатаң бақыланады. Зерттеу қорытындысы жақсы нәтиже береді деп сенеміз. Себебі сол арқылы елде жаңадан өндіріс орындары ашылады.
Зерттеу кезінде алынған геологиялық және геофизикалық ақпарат Жезқазғандағы геологиялық кластерде өңделеді. Мұнда 200 мың қума метр керн сақтайтын қойма мен тау жынысын зерттейтін цифрлық сканер бар. Орталық Азиядағы ең ірі ғылыми-өндірістік кешенде зерттеу жұмыстары бір жүйеге біріктірілген.
Авторы: Елдос Кәкенов
Тегтер #Ұлытау облысы #геологиялық барлау #аумақ
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz