RU
Толық нұсқаға өту

Жыл басынан бері елімізде 20 мыңнан астам жол апаты тіркелді

06.09.2026, 20:05 39

Елде жыл басынан бері 20 мыңнан аса жол апаты тіркеліп 30 мың адам зардап шеккен. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді. 

Осы орайда тәртіп сақшылары жол қозғалысын цифрлық технологиялар арқылы қадағалауды күшейтті. Енді жүргізушілердің әрекетін бейнекамералармен қатар ұшқышсыз ұшу аппараттары да бақылай бастады. Олар заң бұзушылықты әуеден анықтап, дер кезінде қауіпті жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді. 

Қазақстандық полицейлер жыл басынан бері дронның көмегімен мың жарымнан астам жол ережесін бұзу фактісін анықтаған. Патруль көліктеріне жолдағы тәртіпті бақылауға мүмкіндік беретін мобильді кешендер орнатылып жатыр. Бұл құрылғылар жолдағы ең жиі кездесетін заң бұзушылықтарды тіркейді. Олардың қатарында көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану, жылдамдықты шамадан тыс арттыру және қауіпті маневрлер бар. Республикалық маңызы бар трассаларда орташа жылдамдықты бақылау жүйесі де жұмыс істеп тұр. Сондықтан камераның алдына келгенде ғана жылдамдықты азайту арқылы жазадан құтылу мүмкін емес.

Бағланбек Айтпаев, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары:

- Бүгінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету ісінде цифрлық құралдар енгізіліп жатыр. Жедел әрекет ету және азаматтарға көмек көрсету маңызды. Сондықтан азаматтарды қорғау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы әдістер мен тәсілдер күн сайын жетілдірілуде.

Қазақстанда екі дөңгелекті көліктерге де бақылау күшейтілді. Мәселен, Астанада жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін екі мыңнан астам электр самокаты айып тұрағына қойылды. 700-ден астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ержан Әділбеков, қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары:

- Электр самокатын пайдаланушыларға үндеу жасағым келеді. Заң талаптарына жауапкершілікпен қарап, жол қозғалысы ережелерін сақтауды, жол белгілері мен бағдаршамға назар аударуды, жаяу жүргіншілер мен көліктерге кедергі келтірмеуді сұраймыз.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында жол қауіпсіздігі мәселесіне арнайы тоқталған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл мәселе халықтың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер етеді. «Біраз шаруа жасалып жатқанымен, көлік апаттары азаймай тұр», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Әрбір адам өз өміріне және айналасындағы адамдардың қауіпсіздігіне жауапты екенін сезінуге тиіс. Көлік жүргізу мәдениетін бүкіл қоғам болып қалыптастыру қажет. Сондай-ақ электросамокаттарға назар аударған жөн. Бұл тақырып қоғамда қызу талқыланып жатыр. Екі жыл бұрын жаяу жүргіншілер жолымен жүруге шектеу қоятын заңнамалық өзгерістер енгізілді. Алайда қоғамдық орындардағы ахуал өзгере қойған жоқ, әлі де азаматтарға қауіп-қатер төніп тұр.

Жол қозғалысы ережесін бұзудың ең көп тараған түрі – жаяу жүргіншіні қағып кету. Одан кейінгі орында – қарсы бағытта келе жатқан көліктердің бетпе-бет соқтығысуы. Мас күйде көлік жүргізуге байланысты жол-көлік оқиғалары да жеке статистикаға енгізілген. Мұндай жағдайлардың саны екі жүзге жуық. Бүгінде полиция қауіптің алдын алу үшін жолдағы бақылауды күшейтіп, цифрлық технологияларды белсенді енгізіп жатыр.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz