Әлемде бала туу көрсеткіші төмендеді. Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығының мамандары бұл жағдай біздің елді де айналып өтпегенін айтады. Бір жылда бала туу деңгейі 7 пайызға түскен.
Бірақ халықтың өсімі бірде кемігенмен, бірде артады. Өйткені біздегі отбасылар 1 баламен шектелмек емес. Отандық медицинаның мүмкіндігі де артып келеді.
2021 – ел есінде «бэби бум» жылы ретінде қалды. Сол тұста дүние есігін 446 мыңға жуық сәби ашты. Алайда уақыт өте келе бала туу көрсеткіші төмендеп жатыр. Мәселен, былтыр 340 мың нәресте өмірге келді. Мамандар мұны: «Жаһандық демографиялық ахуалдың бір көрінісі», - дейді.
Ардақ Аязбеков, «Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы» АҚ басшысы:
- Жылдан жылға босанудың төмендеуі шамамен 5-10 пайыз әр елден елге қарай өзгеріп тұрады. Жаһандық тенденцияларға Қазақстан да одан тыс емес. Сол тенденцияларды сақтап келеді. Мысалы, бір жылдағы босану санының төмендеу тенденциясы 7,4 пайызды құрап отыр. Бұл тенденция егер 25-26 жылдың жылдығымен салыстыратын болсақ та, ол сақталуда.
Дәрігерлер біздегі жағдайды «анау айтқандай қорқынышты» емес деп бағалайды. Өйткені отбасылардың репродуктивтік қалауы әлі де жоғары. Яғни көпшілік ата-ана бір баламен шектелуді қаламайды. Дегенмен урбандау, жұмысбастылық, әлеуметтік жағдай сынды факторлар бұл процесті кештетіп жатыр. Қазір бірінші рет босанатын әйелдердің орташа жасы 29-ға жақындаған.
Сау ана сау баланы өмірге әкеледі. Бұл құр сөз емес. Дәрігерлер бүйрек, бауыр, тіпті тіс сырқатының да жүктіліктің болуына және сәтті аяқталуына әсер ететінін айтады. Ең бастысы, бала бойға біткен сәттен 18 жасқа толғанға дейін мемлекет қорғауында болады. Қазір елде бұған қатысты түрлі бағдарлама түзілген.
Ардақ Аязбеков, «Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы» АҚ басшысы:
- Жүктілік алды дайындық бағдарламалары ананың денсаулығындағы сау жүктілікке кедергі келтіретін факторларды емдеп, жойып және жүктіліктің болуына жағдай жасайтын кешеннен тұрады. Жүктілік барысында антенаталды бақылау деген бағдарлама бар. Әйелдер кеңес алу бөлімшесіне келіп, ол жерден акушер-гинекологтың, терапевтің, лабораториялық зерттеулер, скринингтік зерттеулерден өтіп, жүктіліктің қалыпты өтуіне жағдай жасайтын профилактикалық іс-шаралар комплексі бар.
Жүктіліктің барлық кезеңін қамтитын скринингтер, сәбидің денсаулығында кінәрат барын бірден анықтайтын фокус аппараты, бәрі қамтылған. Кейде түрлі жағдайға байланысты сәбилер дүние есігін ертерек ашуға асығады. Отандық медицина жарты келіге жетпей туған шарананың да жанына жылу беріп, аяқтан тұрғызып жатыр.
Айжан Маханбетова, неонатолог-реаниматолог дәрігер:
- Тек қана 500 грамм емес, оған дейінгі балаларды да аман-есен шығарып жатырмыз. Себебі оның бәрі неонотологиядағы соңғы біздің елімізге келген жаңа технологиялардың бар болуынан. Біз республика бойынша ғылыми орталық болғаннан кейін, бірінші бәрі бізден басталады. Бізде неонотология бойынша барлық технология толық қамтылған деп айта аламын.
Өкінішке қарай, әрбір алтыншы жұпта бедеулік мәселесі бар. Мұндайда уақытында қаралса, ем қонады. Сол үшін үміт үзбеген абзал. Елде «Аңсаған сәби» бағдарламасының нәтижесінде 11 мыңнан аса бала дүние есігін ашқан. Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Қарлығаш Қайыпбекова
Тегтер #ана #бала #бала туу #гинекология #медицина
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz