RU
Толық нұсқаға өту

Өскеменде өңірге қажет мамандар даярланып жатыр

07.09.2026, 09:20 30

Шығыс Қазақстан облысында сұранысқа ие техникалық мамандықтар бойынша мемлекеттік тапсырыс көлемі мен грант саны артып келеді.

Қазір жергілікті жоғары оқу орындары мен колледждер өңірдегі 155 кәсіпорынға маман даярлап жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми дерегіне сәйкес, Қазақстанға қазірдің өзінде техникалық және кәсіптік білімі бар 900 мың жұмысшы қажет.

Мемлекет басшысы былтыр техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне реформа жүргізу керегін айтып, 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Қазір Шығыс Қазақстан облысындағы жоғары оқу орындары мен колледждерде білім бағдарламасы жаңартылуда. Өндірістік тәжірибе мен оқу базасын қайта жарақтандыруға басымдық беріліп отыр. Мысалы, энергетиктер заманауи жылу электр орталықтарындағы цифрлық жабдықтармен жұмыс істеуді үйренуде. Ал механиктерді даярлау барысын жұмыс берушілер қадағалайды.

Павел Маликов, қалалық автопарк шебері:

- Студенттерді өндірістік тәжірибеге қабылдаймыз. Олар осы жерден тәжірибеден өтеді. Бізге автослесарьлар мен қозғалтқыш жөндеуші мамандар қажет.

Өнеркәсібі дамыған өңірге механиктер қажет. Қызмет көрсету саласында да кадр тапшылығы байқалады. Ал тамақ өнеркәсібіне технолог мамандар керек.

Шолпан Қайрат, Қоғамдық тамақтану орындары желісінің өкілі:

- Соңғы екі жылда кадр тапшылығын көріп отырмыз. Сондықтан студенттермен және жас мамандармен ынтымақтастық орнатып, жұмыс істеуге әзірміз.

Қазір өңірдегі 20 колледж 155 кәсіпорынның өтінімі бойынша маман даярлауда. Өңірде кадр мәселесін шешу үшін биыл 5 мыңнан астам грант бөлінген.

Шынар Көкебаева, Көпсалалы технологиялық колледж директорының орынбасары:

- Жалпы колледжге бөлінген мемлекеттік тапсырыстың саны кәсіпорындардың тапсырыстарымен тікелей байланысты болып келеді. Сондықтан да бүгінгі таңда сол тапсырыс аясында колледж мамандарды даярлауды жүзеге асыруда.

Қазір өңірдегі жастар да алған білімін жетілдіруге ұмтылады. Нұрай Жамигазина колледжде білім алып қана қоймай, тамақтану орнында жұмыс істеп, өз саласының қыр-сырын меңгеруде. Болашақта жоғары оқу орнына түсуді жоспарлап жүр.

Нұрай Жамигазина, көпсалалы технологиялық колледж студенті:

- Қазіргі таңда техник-технолог мамандығында білім алып жатырмын. Мен өзім ресторанда жұмыс істеп жүрмін. Бұл мамандық өте керекті, әр жерге мамандар керек.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының сарапшылары: « 2030 жылға дейін Қазақстан экономикасына барлық сала бойынша 1,5 миллионнан астам маман қажет болады», - деп болжап отыр. Сондықтан жоғары оқу орындары мен колледждердің болашаққа бағытталған жұмыстарды жүйелі жүргізуі маңызды.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Вячеслав Ветлугин, Роман Родионов

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz