RU
Толық нұсқаға өту
@modgovkz

Орман өртін сөндірген қаһармандар: әскери ұшқыштар марапатталды

07.09.2026, 12:03 41

Абай және Павлодар облыстарындағы ірі орман өрттерін сөндіруге қатысып, ерлік көрсеткен қазақстандық әскери ұшқыштар мемлекеттік наградалармен марапатталды, деп хабарлайды «24KZ».

Табиғи апатқа қарсы іс-шаралар кезінде әскери авиация экипаждары 115-тен астам рет әуеден су төгіп, жалпы көлемі шамамен 230 тонна су шашқан. Қауіпті жағдайда үйлесімді әрекет еткен мамандар елді мекендерді, халықтың өмірі мен табиғи байлықты тілсіз жаудан қорғап қалды. Марапатқа ие болғандардың барлығы – 1500 сағаттан астам ұшу тәжірибесі бар 1-сыныпты кәсіби мамандар.

Мемлекеттік награда алған әскери қызметшілер:

Б. Момышұлы атындағы «Айбын» II дәрежелі орденімен - 54835 әскери бөлімі командирінің орынбасары, подполковник Айдын Сағиев.

«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен - авиациялық борттың аға техниктері, капитан Сергей Грибанов пен капитан Асхат Ізмағамбетов .

Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасымен - Әскери-әуе күштері қолбасшылығы басқармасының аға инспектор-ұшқышы, полковник Дәурен Қарақатов.

Апатпен күресте жоғары кәсіби шеберлік танытқан Әуе күштерінің қызметшілеріне марапаттарды Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов салтанатты түрде табыс етті. 

Қорғаныс ведомствосының басшысы әскери ұшқыштарға мінсіз қызметі, табандылығы және әскери борышына адалдығы үшін шынайы алғысын білдірді. Оның айтуынша, мемлекеттік наградалар - әскери қызметшілердің табиғи апатпен күресте көрсеткен жанқиярлығы, төзімділігі мен жауапкершілігіне берілген лайықты баға.

Сіздер аса күрделі жағдайда жоғары кәсіби шеберлік, батылдық пен әскери антқа адалдық таныттыңыздар. Ауқымды табиғи өрттерді сөндіру кезінде шешімді әрі үйлесімді әрекет еттіңіздер. Қауіпті сәтке қарамастан, елді мекендерді, адамдардың өмірін және еліміздің табиғи байлығын қорғадыңыздар. Сіздердің шеберліктеріңіз бен ерліктеріңіздің арқасында тілсіз жаудың ауыр зардаптарының алдын алдыңыздар, - деді ол.

Еске салайық, «Семей орманы» мен Павлодар өңіріндегі масштабты орман өрттерін ауыздықтауға жалпы саны 800-ден астам адам, 204 техника және 8 әуе кемесі жұмылдырылған болатын. Әскери ұшқыштардың үйлесімді әрекеті төтенше жағдайдың ауыр зардаптарының алдын алуға мүмкіндік берді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz