RU
Толық нұсқаға өту
Фото: primeminister.kz

Қазақстан туризміне екі жылда 2,2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды

07.09.2026, 12:26 57

Қазақстанда 2024–2025 жылдары туризм саласына 2,2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған. Соның нәтижесінде жаңа қонақ үйлер салынып, курорттық аймақтардың инфрақұрылымы жаңарып, туристік бағыттардың географиясы кеңейіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың туризмді экономиканың маңызды секторына айналдыру жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асуда.

328 жоба жүзеге асырылып жатыр

2025 жылдың қорытындысы бойынша туризмнің экономикаға қосқан жиынтық үлесі 5 трлн теңгеге жетті. Салада 600 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.

Қазір елімізде жалпы құны шамамен 1,3 трлн теңге болатын 328 инвестициялық жоба іске асырылуда. Жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асқан жағдайда 10 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады.

Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі 25 жаңа қонақ үй кешені бой көтермек. Олардың арасында Hilton және Mandarin Oriental секілді әлемдік қонақ үй желілерінің жобалары бар. Алматы облысындағы Oi-Qaragai тау курортын кеңейту де жоспарланған.

Туризмге салынған инвестиция көлемі де жыл сайын өсіп келеді. 2023 жылы бұл көрсеткіш 787,3 млрд теңге болса, 2024 жылы 947,5 млрд теңгеге жеткен. Ал 2025 жылы инвестиция көлемі 1,25 трлн теңгені құрады.

Шетелдік туристер саны артты

Қазақстанға келетін шетелдік азаматтардың саны соңғы жылдары айтарлықтай өскен. 2025 жылы елге 15,7 млн шетелдік азамат келген. Оның 11,1 миллионы туристер санатына жатқызылды.

Шетелдік қонақтардың Қазақстан аумағындағы шығыны 2,9 млрд долларды құрады.

Туристер арасында Қазақстанның танымалдығы да артып отыр. 2025 жылы Алматыға келген туристер саны 29,7%-ға, Жетісу облысында 25,9%-ға, Қызылорда облысында 25,5%-ға өскен.

Қытайдан келетін туристер ағыны да ұлғайды. Бір жыл ішінде ҚХР азаматтарының сапары 46,8%-ға өсіп, 960 мыңнан асты.

Ал 2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанға 7 млн шетелдік турист келген. Олардың басым бөлігі Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей азаматтары.

Ішкі туризм де жанданды

Қазақстандықтардың ел ішінде саяхаттауы да көбейіп келеді. 2023 жылы ішкі туристер саны 7,1 млн болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 8,7 млн адамға жетті.

2026 жылдың бірінші тоқсанында орналастыру орындарында 1,9 млн адамға қызмет көрсетілді. Туристердің ең көп таңдаған бағыттарының қатарында Алматы тау кластері, Бурабай, Маңғыстау, Түркістан және Алтай өңірлері бар.

Курорттарға жол және әуе қатынасы жақсарып келеді

Туризмді дамыту үшін көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр.

Жалпы құны 131 млрд теңге болатын 33 инфрақұрылымдық жоба аяқталған. Туристік нысандарға апаратын жолдар жөнделіп, жаңа бағыттар ашылуда.

Қатонқарағай, Зайсан және Кендірліде туристік әуежайлар салынуда. Арқалық әуежайы қалпына келтіріліп, Балқаш әуежайы қайта жұмысын бастады. Үржардағы әуежай терминалы жаңғыртылып жатыр.

Жазғы маусымда Алакөл, Балқаш, Түркістан, Бурабай және Каспий жағалауына аптасына 45 субсидияланатын әуе рейсі ұйымдастырылды.

Теміржол қатынасы да күшейтілді. Жазғы маусымда 15 қосымша бағыт іске қосылып, жолаушылар үшін 400 мыңнан астам қосымша орын ұсынылды.

Алматы тау кластері кеңейеді

Курорттық аймақтарды кешенді дамыту үшін 2026–2029 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді.

Алматы тау кластерінде 30 аспалы жол және 161 шақырым тау шаңғысы трассасын салу жоспарланып отыр. Ұзақ мерзімді мақсат – кластерді жылына 5 млн турист қабылдайтын ірі тау курортына айналдыру.

Ұлттық парктерге сұраныс жоғары

Экотуризмге қызығушылық та артып келеді. Мемлекеттік ұлттық парктерге келушілер саны 2023 жылғы 2,4 млн адамнан 2025 жылы 3,7 млн адамға дейін өскен.

Қазір қорғалатын табиғи аумақтарда 179 туристік маршрут пен 42 экосоқпақ жұмыс істейді.

2026 жылдан бастап 18 жасқа дейінгі балалар ұлттық табиғи парктерге тегін кіре алады.

Туристерге жаңа қолдау шаралары енгізілді

Үкімет туризм саласындағы бизнесті қолдау үшін бірқатар жаңа тетік енгізді. Атап айтқанда, шетелдік турист тартқан туроператорларға әр турист үшін 15 мың теңгеден субсидия беріледі.

Сонымен қатар туристік автобустарға шекарада және негізгі бағыттарда «жасыл дәліз» қарастырылды.

Туристік көлік сатып алу, балалардың әуе билеті, жол бойындағы сервис нысандары мен санитариялық тораптар салу, тау-шаңғы техникасын алу шығындарын өтеу тетіктері де қарастырылған.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясындағы бұл шаралар Қазақстанның туристік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ел экономикасындағы туризмнің үлесін ұлғайтуға бағытталған.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz