Қазақстанда өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатар түрі арзандады. 26 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында пияздың бағасы 7,2%-ға, сәбіз 4,6%-ға, картоп 3,2%-ға, қырыққабат 3,1%-ға төмендеген. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Сондай-ақ алма 1%-ға, күнбағыс майы 0,1%-ға арзандады. Ал рожки, тауық еті, қаймақ, айран, қияр және қант бағасы өзгеріссіз қалды.
Сонымен қатар 19 тауар түрі бойынша баға өскен. Ең жоғары өсім қызанақта тіркелді – 2,8%. Тұз 0,9%-ға, қарақұмық жармасы мен жұмыртқа 0,7%-ға қымбаттады.
Қатты және жартылай қатты ірімшіктер мен сүзбенің бағасы 0,6%-ға, жылқы еті, оның ішінде сүйексіз ет пен тартылған ет 0,5%-ға өсті. Күріш пен қара шай 0,3%-ға, нан, қой еті және балық 0,2%-ға қымбаттаған.
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.
Жыл басынан бері өңірлік комиссиялар 726 отырыс өткізіп, 2 881 заңбұзушылық фактісін анықтаған. Нәтижесінде 2 695 әкімшілік хаттама толтырылып, 186 өнімсіз делдал жеткізу тізбегінен шығарылды.
Бұдан бөлек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген 15%-дық сауда үстемесінің сақталуына бақылау жүргізілуде. Жыл басынан бері талаптарды асыру фактілері бойынша 3 155 әкімшілік қаулы шығарылған.
Электрондық шот-фактураларға жүргізілген талдау барысында 36,6 мыңнан астам жеткізу тізбегі қаралды. Оның 5 391-і бойынша заңнама талаптарын бұзу тәуекелдері анықталған.
Өңірлер арасында да баға динамикасында өзгерістер бар. Ақтөбе, Ақмола, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Абай және Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында баға индексі 100% деңгейінде сақталды.
Ал Ұлытау облысында баға 0,3%-ға, Қостанай облысында 0,2%-ға, Қарағанды және Маңғыстау облыстарында 0,1%-ға төмендеді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz