Астаналық педагог әрі жазушы Маржан Пірімбетова ұзақ жылдар бойы жинаған 3500-ге жуық кітабын Байқоңыр ауданындағы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына» сыйға тартты. Енді кітап қоры орталық келушілерінің игілігіне берілмек, деп хабарлайды «24KZ».
Маржан Пірімбетова кітап оқуға бала кезінен қызыққан. Өзінің айтуынша, өмірінде 3 мыңнан астам кітап оқыған. Жылдар бойы жинаған әдебиеттерінің қатарында қазақ әдебиеті мен әлемдік шығармалар, сондай-ақ түрлі тарихи және танымдық еңбектер бар.
Зейнеткер орталықта кітап оқуды насихаттауға арналған кездесулер мен конференциялар да ұйымдастырады. Қатысушылар оқыған шығармаларын талқылап, пікір алмасады.
Сонымен қатар ол орталықта қызмет алушыларға қазақ тілінен сабақ береді. Мемлекеттік тілді үйренуге өзге этнос өкілдері де қызығушылық танытып отыр.
Маржан Пірімбетова бірнеше кітаптың авторы. Оның қаламынан «Ұзақ өмір сүру формуласы», «Ізгілік философиясы», «Қазақ әйелдері әлем жанарында», «Көңіл терезесі», «Мәуелі бақ» атты еңбектер жарық көрген.
Ол алдағы уақытта оқырмандармен бірге Мемлекет басшысының «Әділетті қоғамға шыншыл сөз» кітабын оқып, талқылауды жоспарлап отыр.
Жеке кітапханасын көпшілікке ұсынған астаналық зейнеткер бұл бастамасы арқылы кітапты жеке қорда сақтамай, өзгелермен бөлісудің маңызын көрсетіп отыр.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz