Алматыдағы Ұлттық орталық музейде Әзербайжанның көне кілемдерінің көрмесі ашылды. Мұнда ХІХ-ХХ ғасырларға тиесілі бұйымдардың бірнеше үлгісі бар.
Экспозицияға Әзербайжан Ұлттық кілем музейінен арнайы әкелінген қолөнер туындылары қойылған.
Әр кілемнің өзіндік өрнегі, түсі мен тоқу техникасы бар. Көрмеден килим, варни, зили секілді дәстүрлі бұйымдарды да көруге болады. Сонымен қатар ұлттық киімдер, зергерлік әшекейлер мен кесте өнерінің үлгілері қойылған. Әр өңірдің кілемдері бір-бірінен тек түсі мен тоқу тәсілі арқылы ғана емес, өзіне тән ою-өрнегімен де ерекшеленеді. Осы ерекшеліктерді зерттеуге әзербайжандық ғалым әрі суретші Лятиф Керимов зор еңбек еткен. Биыл көрнекті тұлғаның туғанына 120 жыл толып отыр. Ол Әзербайжан кілемдерін өңірлік мектептерге бөліп, ғылыми тұрғыдан зерттеудің негізін қалаған. Сондықтан көрменің бір бөлігі Лятиф Керимовтың шығармашылығы мен мұрасына арналды. Көрермендер суретші жасаған эскиздер мен сол бойынша тоқылған кілемдерменде танысты.
Ғалия Теміртон, ҚР Ұлттық орталық музейінің ғылыми қызметкері:
- «Аждаһа» деген өрнектері бар Әзербайжан кілемдерінің. Бір өте ерекше түрі сол аждаһа «хатаи» деп аталады. Сол «хатаи» кілемдеріндегі өрнек біздің қазаққа тән мына қаз мойын, аққу, қаз мойын деген бүгінгі мына түрі латиницадағы S әріпіне ұқсайды.
Амина Меликова, Әзербайжан ұлттық кілем музейінің директоры:
- Біздің жұмыстардан «бута» өрнегін жиі кездестіруге болады. Ол отты білдіреді. Біздің Әзербайжанды «оттар елі» деп атауының себебі де осы болуы мүмкін. Бірақ ең бастысы, жүрегіміздегі жалын деп ойлаймын. Бүгін ол бұрынғыдан да жиі соғып, бұрынғыдан да жарқырай түсті. Өйткені біз өзіміз жақсы көретін Қазақстандамыз.
Тегтер #Әзербайжан #кілем #көрме #экспозиция
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz