Қаржылық мониторинг агенттігі Alemcredit.com схемасының жолын кесті. Күдіктілер аталған сайт арқылы азаматтарға криптовалюта түрінде микрокредит береміз деп алаяқтық жасаған болуы мүмкін.
Тергеу деректеріне сәйкес қарыз алушылар әлеуметтік желіден табылған. Микрокредит рәсімдеу үшін азаматтардан жеке деректерін ұсынуды және электрондық құжаттарға қол қоюды талап еткен. Алайда аталған рәсімдер аяқталғаннан кейін мәміленің нақты шарттары едәуір өзгерген. Бастапқыда уәде етілген сомадан әлдеқайда аз қаражат аударылып, оның бір бөлігі алдын ала ескертілмеген комиссиялар мен өзге де төлемдер ретінде ұсталған. Ал мәміле жасалғанға дейін қарыздың құны, артық төлем мөлшері, сыйақы мен айыппұлдар туралы ақпарат толық көлемде берілмеген.
Ернар Тайжан, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:
- Қаражат үшінші тұлғалардың, яғни дропперлердің банк карталары арқылы қайтарылған. Интернет-ресурстың жұмысын қамтамасыз ету және қарыз алушылармен байланыс орнату үшін заңды тұлғаларды, телекоммуникациялық ресурстар мен техникалық құралдарды қамтитын тармақталған инфрақұрылым пайдаланылған. Тінту барысында жаппай SMS-хабарлама таратуға қолданылған SIM-бокстар мен көп мөлшерде SIM-карта тәркіленді. Тергеу жалғасып жатыр.
Тегтер #24KZ #Қаржы мониторингі агенттігі #күдікті ұсталды #алаяқтықPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz