RU
Толық нұсқаға өту

ШҚО-да аюлар ауылға кіріп жүр

07.09.2026, 20:10 49

Риддердің айналасында аю көбейіп кетті. Жыртқыш аң саяжайларды аралап, алма бағына түсіп, азық ұрлап жүр.

Қала маңындағы елді мекен тұрғындары аулаға шығуға қорқамыз деп полициядан көмек сұраған. Осыдан кейін арнайы жасақтың 3 экипажы аумақты атпен аралауға шықты. Көктен дронмен барлау жасап, сақтық шараларын күшейтті. 

Шатқалдағы Шаравка ауылының тұрғындары аю салған соқпақ жолды да, жыртқыштың қай жақтан келіп-кетіп жүргенін де біледі. Адамнан сескенбей, аулаларға кіріп, еркін аралайды дейді. 

Елді мекендегі әр үйде бау-бақша бар. Күшіктерін ерткен аюлар, күзгі өнімнің қызығын көріп жүр. 

Эльмира Ахметова, тілші:

- Аюлар саяжайдың ауласын өз аумағындай көріп алған. Мінеки, мынадай жататын жер ыңғайлап, орын дайындап алыпты. Мына ағашқа өрмелеп шығып, тырнағының ізі де көрініп тұр. Міне, өрмелеп алма ағашының бұтағын сынырып тастаған. 

Тұрғындар қас қарайғанда шығудан қалдық дейді. Олар жаны үшін де, малы үшін де алаңдаулы.

Виктор Маршалкин, ауыл тұрғыны:

- Дәл осы маңда бір үлкен аю, екі қонжық жүр. Бұл біздің байқағанымыз. Ал көрінбей кеп жүргендері қаншама. Иттер түнімен шулайды. Кейбір көршілер отшашу атып үркітеді екен. Прожектор қосып қоятындар да бар.

Аюлар Риддер маңындағы омартаға да тыным бермейді. Алексей Липин кәсіби омарташы. Айтуынша, жыртқыштардың кесірінен үш рет көшуге мәжбүр болған. Қазір алқабын электр сымымен қоршап алған.

Алексей Липин, омарташы:

Аю – тәттіқұмар аң. Олар үшін арнайы ыдысқа бал құйып та қояр едім. Алайда тек жеп кетсе жақсы, бірақ мына жерді талқандап шығынға батырады. Дегенмен біз оған қатігездік көрсете алмаймыз. Тау-тастың иесі – солар.

Жыртқыштан қауіп бар. Тұрғындардан шағым түскеннен кейін, Риддер айналасында жедел отряд жасағы бір апта бойы жұмыс істеді. «Жыртқышты тек адам өміріне тікелей қауіп төндірсе ғана атуға рұқсат», - дейді инспекторлар. Сондықтан әзір үркітумен шектеліп отыр. 

Жеңісхан Тілеужанов, ШҚО Орман және аңшылық шаруашылығы жедел қимыл отрядының инспекторы:

- Табиғаттың баласын бұзбау үшін олар өз жеріне үркіту арқылы қайтарылып жатыр. Егер халықтың өміріне қауіп төнген жағдайда ШҚО жедел қимыл отрядының атуға құқығы бар.

Бір апта ішінде инспекторлар 10 шақты аюды байқап, тауға қарай қуып жіберген. «Жыртқыштың ауылды төңіректеуіне ормандағы азық-қорының азаюы себеп», - дейді олар.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz