Атырауда ауа сапасы нашарлады. Соңғы екі-үш күнде өткір иіс қаланы басып, тұрғындар шағымдануда.
Мамандар жүргізген мониторинг нәтижесінде, мұнай өңдеу зауытынан зиянды қалдықтардың ауа таралғаны анықталды. Енді облыстық Экология департаменті кәсіпорынға кешенді тексеріс жүргізуді жоспарлап отыр.
Қала тұрғындарының айтуынша, жағымсыз иіс таңертең және кешке анық сезіледі. «Соңғы аптада терезе ашудан қалдық», - дейді олар. Ауадағы зиянды заттардың көрсеткіші өскенін тәуелсіз мониторинг жүйесінен білген.
- Соңғы 3 күн турасында Атырауда ауаның сапасы төмендеп кетті. Біз мына атыраулықтар қаланың қақ ортасында тұрамыз. Соны кәдімгідей сездік. Біз көршілермен бірге «Эйркз» бағдарламасын өзімізге телефонға жүктеп алып, содан улы нәрселердің асып, ұлғайып жатқанын көріп отырамыз.
- Түнде ұйықтай алмаймыз. Көрдің бе? Түнде де түтін, тұман ба кәдімгі қаптап кетті. Сағат 2-де. Терезені ашып қарасам, сасық ауа шығып жатыр.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті соңғы бір аптада ауадағы зиянды заттарға мониторинг жүргізген. Нәтижесінде олардың шекті нормадан асқанын анықтады. «Ауаға таралған улы газдардың адам денсаулығына да зияны көп», - дейді мамандар.
Айгүл Ысқақова, облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- 6-7 қыркүйек түнгі уақыттарда алынған сынамалардың, 608-дей сынама алынған болатын осы аптада. Соның 14-нен гигиеналық нормативтен өсу фактісі анықталды. Мына ингредиенттер анықталып жатқан Атырау қаласындағы адамның тыныс алу огран жүйесіне әсер ететінін бағаладық. Яғни ол бронхиальная астма, жедел және созылмалы бронхит ауруларын тудыруы мүмкін.
Экологтар да зиянды қалдықтардың ауаға тарағанын растап отыр. Енді кешенді тексеру жұмыстарын қолға алмақ.
Асқар Жүсіпов, облыстық Экология департаментінің басшысы:
- Осы 31 тамыздан бастап, 7 қыркүйекке дейін жел мынау оңтүстік-шығыс, оңтүстік-батыстан тұрақты. Ол жерде орналасқан ластаушы ингриеденттер Атырау мұнай өңдеу зауытына тиесілі, сол – негізгі ластаушы көзі. Тәуелсіз эксперттерді тарта отырып, технологтар бар, СЭС-тің қызметкерлері бар, экологтар бар кешенді тексеріс тағайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ал Атырау мұнай өңдеу зауыты экологтардың мәлімдемесін жоққа шығарып отыр. Зауыт қызметкерлері 100-ден аса сынама алған. «Онда шығарындылардың шектен асқаны анықталған жоқ», - дейді кәсіпорынның бас экологы Арман Димұқашев.
Арман Димұқашев, "АМӨЗ" ЖШС Еңбекті, қоршаған ортаны қорғау және азаматтық қорғаныс департаментінің директоры:
- Қазір зауыт қызметкерлері бұл шығарындылардың Атырау мұнай өңдеу зауытына қатысы бар-жоғын анықтауда. Қосымша ақпаратты хабарлаймыз. Зауыттағы санитариялық-өндірістік зертханалар да бұл күндері ауа құрамын зерттеді. Жалпы 100-ден астам сынама алынды. Нәтижесінде шекті мөлшерден асу деректері тіркелген жоқ.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Ауаның ластануы кеше-бүгін тіркелген жағдай емес. Бұған дейін қаңтар айында да қаланы жағымсыз иіс басып, тұрғындар дабыл қаққан еді. Экологтар жүргізген тексеріс нәтижесінде зауытқа 520 млн теңге айыппұл салынды. Бірақ зауыт тағылған айыпқа келіспей, сотқа жүгінген. Қазір сот процесі жүріп жатыр.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин
Тегтер #24KZ #Атырау #ауа ластануы #экология #мұнай өңдеу зауытыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz