Соңғы жылдары тоған саны екі есе өскен. Қазалы ауданының Басықара ауылындағы шаруашылық биыл 500 тоннаға жуық өнім жинауды жоспарлап отыр.
Жалпы өңірде балық өсірумен айналысатын кәсіпкерлерге 11 млн теңгеге жуық субсидия төленді.
Басықарадағы балық тоғанының аумағы 500 гектарға жуық. Қазір мұндағы жаздық тоғандарда тұқы балығы көбейіп жатыр.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Бұл тоғандарға көктемде 35 тоннаға жуық шабақ жіберілген. Оның салмағы 100-150 граммнан аспаған. Ал қазір 1 келіден 3 келіге дейінгі балықты осы жерде кездестіруге болады. Қазан айында мамандар 500 тоннаға дейін өнім алуды жоспарлап отыр.
Алдағы уақытта шаруашылық мамандары өнім көлемін екі есеге арттырмақ. Ол үшін тоғанды кеңейтуді көздеп отыр. Бұл бастаманы жергілікті атқарушы билік те қолдап отыр. Жалпы балық өсірушілерге мемлекеттен көмек бар.
Ертай Бөгенбаев, технолог:
- Құжат жүзінде нақтылап, әр берілген жемнің бәрін түбіртегімен, видеофиксациясымен, дәлелді түрде өткізген жағдайда сізге субсидия беріледі. Қазіргі таңда 15 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Келесі жылы тоғандар көбейтіледі. Әлі де 15-30 адамға дейін көтереміз деп отырмыз.
Балық өсірумен айналысатындарға жеңілдетілген несие беріле бастады. Нәтижесінде ауданда шағын тоған көбейді.
Еркін Сейітов, Қазалы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Ауданда майда тоғандарға байланысты қазір 12 тоған жұмыс істеп тұр. «Ауыл аманаты» жобасымен де тоған алған баяғы кәсіпкерлеріміз. Ол 2,5 пайызбен шағын тоғандарға алып, қазір уақытта жұмыстар жасап жатқан кәсіпкерлер бар. Енді осы кәсіпкерлердің қатарын көбейту мақсатында біз кооперативтер құрып, тоғандарды үлкейтуге, ауданда жұмыс жасауға қазір уақытта біз кәсіпкерлік ұсыныстар енгізіп жатырмыз.
Биыл өңірдегі балық тоғандарының саны екі есеге жуық көбейіп, 28-ге жетті. Саланың жандануына мемлекеттік қолдау айтарлықтай серпін беріп отыр. Мәселен, кәсіпкерлерге биыл 11 млн теңгеге жуық субсидия төленді.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев
Тегтер #24KZ #Қызылорда облысы #жасанды тоған #балық шаруашылығы #балық өсіруPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz