Шекара берік болуға тиіс. Өйткені өтіп жатқан адам, көлік, жүк көп. Тоғыз жолдың торабындағы Қазақстан үшін шекараны бекемдеу ғана маңызды емес, оның қызметі де сапалы болуға тиіс.
Елдің батыс қақпасы Құрманғазы шекара бекетінде жаңғырту жұмысы басталды. Мұнда 6 жолақты жол төселіп, шекаралық өткізу ғимараты бой көтереді. Сәтін салса, құрылыс аяқталғанда, бекеттің күндік өткізу қабілеті 3 есе артады. Мемлекет басшысының өзі: «Еліміздің бүкіл аумағында кедергісіз тасымалдау жүйесін қалыптастыру – өте маңызды міндет. Транзиттік жүктердің «жасыл дәліз» қағидасымен еш тосқауылсыз өтуіне барынша жағдай жасау қажет», - деген болатын.
Құрманғазы өткізу бекетінде құрылыс қарқын алды. Шекаралық аймақтың екі жағында 17 гектар аумақта бетон құю жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жерде 3 жолақты 2 автокөлік жолы, жаңа әкімшілік ғимараттары бой көтереді. Нәтижесінде транзиттік жүк көліктері үшін қолайлы жағдай жасалмақ. Сондай-ақ қазақстандық тараптан сервистік аймақ жасақталады. Онда көлік тұрағы, жатақхана қарастырылған. Келесі жылдан бастап Құрманғазы өткізу бекетінде транзиттік жолаушылар үшін электронды кезек енгізілмек.
Рүстем Кенетұлы, құрылыс алаңының басшысы:
- Жолда кедергі болмауы үшін 270 фураға стоянка болады сол жерде. Таблосы болады. Таблоға қай машинаның нөмірі шығады, сол табломен машиналар шығып, бері қарай қозғалады шекарадан өтуі үшін. Ресейден келе жатқандарға да тұрақ қарастырылған.
Әзірге шекаралық бекет екі жолақты жүйемен жұмыс істеп келеді. Еліміздің батыс қақпасы арқылы тәулігіне 1500-2000-дай жүк көлігі мен 4 мыңдай жолаушы өтеді. Автокөлік жолдарының жаңғыртылуы еліміздің логистикалық әлеуетін арттыруда. оның пайдасы шекаралық аудандар көре бастады.
Ернар Боранғалиев, Құрманғазы ауданы әкімдігінің ресми өкілі:
- Республикалық маңызы бар Атырау-Астрахань тасжол біткеннен кейін жүк тасымалы біршама есеге көбейіп кетті. Камаздар, газель автокөліктері бар. Оның бізге беретіні сауда-саттық, кәсіпкерлік соған өте үлкен пайдасы бар. Және де бұл құрылыстың, жаңа бекеттің үлкен пайдасы қазіргі таңда 70-ке жуық адам, жергілікті жердің тұрғыны жұмыспен қамтылып отыр.
Құрманғазы өткізу бекетіндегі кедергісіз қозғалысты қалыптастыру мақсатында қолға алынған бұл жоба келер жылдың қазан айында аяқталуы тиіс. Сол кезде Ресей арқылы Еуропаға қатынас жанданып, транзиттік жүк көліктерінің легі 3 есеге артады.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин
Тегтер #шекара #көлік #жол #бекет #құрылыс #Құрманғазы #Атырау облысы
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz