Кітап оқу адамды күйзелістен 68 пайызға арылтады. Тіпті өмір жасыңызды 23 пайызға ұзартады. Мұны Йель университетінің ғалымдары дәлелдеді.
Бірақ қазір жоғары технологияның бәсі биік. Адамдар кітаптан көрі, алақандай телефонға шұқшиғанды қолайлы көреді. Енді бұл екеуінің, яғни ескі мен жаңаның айырмасы қандай? Электронды құрылғылар мен аудиокітаптардың қағаз кітап оқығанға қарағанда әсері қандай? Қағаз кітаптың болашағы бар ма?
Қазір әлеуметтік желілердің дәурені жүріп тұр. Мәселен, АҚШ-та кітапсүйер қауымның үлесі кейінгі 20 жылда 28-ден 16 пайызға дейін азайған. Яғни Құрама штаттарда 6 адамның тек біреуі кітап оқиды. «Бұған төрткүл дүниенің түгелдей интернет иірімдеріне түсіп кетуі себеп», - дейді мамандар.
Брайан Бэннон, Нью-Йорк қоғамдық кітапханасының бас кітапханашысы:
- Кітап оқуды қайта әдетке айналдырудың жолы көп. Мәселен, кейінгі кезде өзіңізге қатты ұнаған телехикаяны немесе фильмді еске түсіріп көріңіз. Содан кейін соған ұқсас жанрдағы кітапты алып, оқыңыз. Әдетте танымал фильмдер мен телехикаялар кітаптан алынады. Сондықтан келесі маусымды күтпей-ақ, оқиғаның әрі қарай қалай өрбитінін кітаптан алдын ала біле аласыз.
Әлемдегі ең бірінші кітап 868 жылы жарыққа шыққан. Бұл қытай тіліне аударылған үнділердің «Алмаз Сутрасы» шығармасы. Оны түптеген шебер қытай иероглифтерін балшықтан күйдіріп жасаған. Қазір көненің көзі Ұлыбританияда сақтаулы.
Эрик Джонсон, Огайо мемлекеттік университеті кітапханасының жетекшісі:
- Кейінгі жылдары электронды кітаптан басқасының бәрі жойылып кетеді деген әңгімені жиі естимін. Бірақ адамзат тарихында жазу-сызу пайда болғаннан кейін, баспа технологиялары дамыды. Ал қазір кітаптарды цифрландыру ісі қарқын алды. Бірақ бұрынғы технологиялардың ешқайсысы жоғалып кеткен жоқ қой. Сондықтан болашақта қағаз кітаптар ғайып болады деуге болмайды.
Бірақ мың жерден цифрландыруға көшсек те, кітаптың парақтарын аударып, иісін сезініп, рух әлеміне сапар шеккенге не жетсін?! Мұны кейінгі зерттеу нәтижелері де растап отыр. Технология дамыған заманда цифрлық форматтағы кітаптарды әлемдегі адамдардың тек 9 пайызы ғана оқиды екен.
Брайан Бэннон, Нью-Йорк қоғамдық кітапханасының бас кітапханашысы
- «Қазір жастар телефонға кіріп кетеді, кітап оқымайды», - дейді. Бірақ бұл олай емес. Олар бұрынғыдай классикалық жазушыларға қызықпайтын шығар. Алайда заманауи проза, фантастика немесе романдарды кітапханаға келіп, сұрап оқиды.
Не десек те, электронды және аудиокітаптар қағаз кітаптарды алмастырады дегенге сену қиын. Мәселен, 5-6 жыл бұрын ағылшынның ұлы ақыны Шекспирдің алғашқы жинағы 10 млн долларға сатылды. Демек қағаз кітап өзінің маңызын жоғалта қоймас. Өйткені адам кітап оқуды тоқтатқан күні ойлауды да тоқтатады.
Авторы: Зайнұр Байжігіт
Тегтер #кітап оқу #технология #университет #телефон #аудиокітапPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz