RU
Толық нұсқаға өту

Атаулы әлеуметтік көмектен – тұрақты табысқа

08.09.2026, 14:15 40

Әлеуметтік қолдау жүйесінде жаңа тәсілдер қолға алынды. Мемлекет басшысы Жолдауында атаулы әлеуметтік көмекті тиімді көрсетіп, азаматтарды еңбекке ынталандыру және табысын арттыруға жағдай жасау маңызды екенін атап өткен еді.

Енді осы бағытта әлеуметтік көмек көрсету тетіктері жаңартылып, цифрлық технологиялар кеңінен енгізілуде. Бұл мемлекеттік қолдаудың нақты мұқтаж азаматтарға бағытталуына мүмкіндік береді.

Елімізде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны бойынша оңтүстік өңірлер көш бастап тұр. Мәселен, былтыр Шымкент қаласында мемлекеттік қолдаудың бұл түрін 5 мыңға жуық отбасы алып отырған. Биыл цифрландыру процестерінің нәтижесінде бұл тізім шамамен 2 жарым есе қысқарды. Қазір атаулы әлеуметтік көмек тек 1800 отбасыға тағайындалған. Оны рәсімдеу бұрынғыдан әлдеқайда жеңіл әрі ашық.

Бекболат Әлиханов, Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Еңбек» мобильді орталығы директорының орынбасары:

- Өтінім қабылдап болғаннан кейін комиссияға жолдайды өтінімдерді. Комиссия тұрмыстық жағдайды анықтайды. Бұрын ол қағаз күйінде жасалса, қазір қосымша бар, ФСМ Соушэл, соны жүктеп алып, АӘК-ке өтінім  бергенге шешім шығарылады. Әр комиссия мүшесі оны жүктеп алып, АӘК-ке өтінім берген азаматтар жеті күн ішінде оларға шешім шығару керек, мұқтаж немесе мұқтаж емес деген сияқты.

Мұндай тәсіл әлеуметтік көмекті нақты қажет ететін азаматтарға бағыттауға мүмкіндік береді. Бұған дейін Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік жеңілдіктерді негізсіз көбейтудің орнына, қолдауды мұқтаж жандарға тиімді жеткізу қажеттігін айтқан еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мемлекет өзінің негізгі міндеттерін орындаудан бас тартпайды. Бірақ әлеуметтік жеңілдіктерді қолдан көбейту елді дамытуға, яғни мектеп, аурухана, көлік инфрақұрылымдарын және басқа да нысандар салуға жұмсалуы қажет қыруар қаражатты желге шашу деген сөз. Отбасы мүшелерінің барлығы дерлік нысаналы әлеуметтік көмек пен жәрдемақы алатын болса, жұмыс істеудің не қажеті бар? Турасын айтсақ, әлеуметтік салада оңтайлы шешім қабылдаудың орнына, Үкімет кемінде 15 жыл бойы әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтыққа жол беріп келді.

Бүгінде атаулы әлеуметтік көмек тек ақшалай төлеммен шектелмейді. Отбасында еңбекке қабілетті азаматтар болса, оларға жұмыс табуға, жаңа мамандық игеруге немесе біліктілігін арттыруға мүмкіндік беріледі. Ал өз ісін бастауға ниеттілерге кәсіпкерлік негіздері оқытылып, тиісті қолдау көрсетіледі.

Алтынжан Маясарова, ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік көмек департаментінің атаулы әлеуметтік көмек басқармасының басшысы:

- Егер жүйеге 10-20 жыл перспективасы тұрғысынан қарайтын болсақ, ол тек қаржылық тұрғыдан тұрақты емес. Сонымен қатар әділетті болуы қажет. Сондықтан бүгіннің өзінде әлеуметтік төлемдерді олардың мақсатына қарай ажырата білу маңызды. Бұл жағдайда мемлекеттік кепілдік берген қолдау, екінші жағдайда, еңбек қызметімен байланысты сақтандыру төлемі, ал үшінші жағдайда, өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға көрсетілетін көмек. Бұл ретте негізгі басымдық біртіндеп жай ғана төлем беруден жұмыспен қамтуды қолдауға, отбасылардың табысын арттыруға және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге ауысуы тиіс.

Яғни негізгі міндет – азаматты жәрдемақыға тәуелді етпей, тұрақты табысқа шығару. Ол үшін мансаптық орталықтар арқылы бос жұмыс орындары ұсынылып, оқыту мен уақытша еңбекпен қамту тетіктері іске қосылған. Былтыр атаулы әлеуметтік көмек алған 12 мың азамат осы шаралардың нәтижесінде табысқа шықты.

Авторлары: Дариға Ташенова, Нұрсұлтан Мұхамеджан, Ернар Нысанбай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz