RU
Толық нұсқаға өту

Бүгін – Халықаралық реабилитологтар күні

08.09.2026, 14:30 24

Бүгін – Дүниежүзілік реабилитологтар күні. Жарақаттан кейін науқастарға жәрдемдесіп, аяққа қайта тұруға көмектесетін бұл мамандардың еңбегі орасан.

Бүгінде елдегі Ұлттық оңалту орталықтарында жүздеген бала мен ересек адам ем алып жүр. Салада мыңнан астам маман еңбек етеді. Тың әдістер кеңінен қолданылады. Дегенмен кадр тапшылығы өзектілігін жоғалтпай тұр. 

Асыл Искулова реабилитолог дәрігер. Ол Ұлттық балаларды оңалту орталығында 10 жылдан астам жұмыс істейді. Медицинаның бұл бағытын студент болып жүргенде бірден таңдаған. «Ерекше балалармен жұмыс істеп, ортақ еңбектің нәтижесін көру – ең жоғары марапат», - дейді дәрігер.

Асыл Искулова, Ұлттық балаларды оңалту орталығының бөлім меңгерушісі:

- Бізде неврологиялық балалармен жұмыс жасауға өте көңіл көп бөлінген. Өйткені олар мүгедектікке алып келеді. Сонымен қатар ортопедиялық аурулар мен жүрек ауруларында реабилитация бар. Бірақ осы ең ауыры – ол неврологиялық бұзылыстар. Өйткені мүгедектікке алып келетін болғандықтан. оған көңіл көп бөлінеді.

Орталыққа Қазақстанның түкпір-түкпірінен 24 күн сайын балалар келеді. Мұнда негізінен неврологиялық және психикалық бұзылыстары бар емделушілер оңалтудан өтеді. Олар емдік дене шынықтырудан бастап, физиотерапия, жүзу, тасқа өрмелеу сынды жаттығуларға қатысады. Ал мектеп жасындағы балаларға арнайы оқу сағаттары да қарастырылған. Осындай оңалтудың арқасында немересінің алғашқы сөздерін естіген апалардың бірі – Гүлсім Әбенова. Ол екі баламен Қызылорда облысынан Астанаға арнайы келген.

Гүлсім Әбенова, Қызылорда облысының тұрғыны:

- Былтыр біз келгенде бір сөз ғана айтатынтұғын. Екі сөзді құрамайтын. Былтыр осы жаққа келіп ем алып, 24 күн болып қайттық. Барғаннан кейін сөйлейтін болды. Сұрақтар қояды. Осы оңалтудың нәтижесі деп ойлаймын. Реабилитацияның біз педагогикалық сабақтарына, сосын физкабинетке, бассейнге міндетті түрде барып жатырмыз.

Қуаныш Ермеков, Ұлттық балаларды оңалту орталығының емдік дене шынықтыру маманы:

- Біз әр балаға жеке бағдарлама құрамыз. Баланың деңгейін қарап, басын ұстай алмаса, бас ұстауға арналған арнайы жаттығуларды жасатамыз. Және сол басты ұстаудан бастап, өз аяғымен жүріп кетуіне дейін көмегін тигіземіз. Әртүрлі диагноздармен келеді: диплегия, гемипарез, атонико (ДЦП), жарақат алған балалар да келеді.

Заманауи реабилитацияда тың тәсілдер көп қолданылады. Соның бірі – роботтандырылған технологиялар. Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығында мұндай әдіс операциядан кейін немесе жарақат алған емделушілерге бағыталған. Бұл орталық ересектерді оңалтудан өткізеді. Замануи технология жеке оңалту бағдарламасына енгізіліп, оңалтуда оң нәтижеге бере бастаған.

Амина Сейданова, реабилитолог-дәрігер:

- Роботтандырылған технологиялар өте белсенді қолданылады. Бұл емдеу тиімділігін арттыруға және оңалту мерзімін жылдамдатуға мүмкіндік береді. Бұл біздің емдік дене шынықтыру мамандары бен кинезиотерапевтердің еңбегін жеңілдетеді. Сонымен қатар емделушілеріміз үшін қосымша жаттығу болып табылады. Өйткені жаттығуларды қаншалықты жиі өткізсек, нәтижеге соншалықты тез жетеміз.

2020 жылы Денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодексте оңалту медициналық көмектің жеке түрі болып бөлінді. Осы уақыттан бастап медициналық реабилитация қарқынды дамып келеді. Десе де салада кадр тапшылығы бар.  Мұнда тек реабилитолог дәрігерлер ғана емес, сонымен қатар емдік дене шынықтыру нұсқаушылары, кинезотерапевтер жетіспейді. Мәселені шешу үшін сапалы білім беру бағдарламалары іске қосылып, білікті кадр даярлауға ден қойылған. 

Ғалия Жанаспаева, Қазақстанның бас штаттан тыс реабилитологы:

- Бүгінгі таңда елде кадр тапшылығы сақталып отыр. Қазір салада 1130 реабилитолог дәрігер жұмыс істейді. 2021 жылдан бастап біз физикалық медицина және реабилитация мамандығы бойынша резиденттерді даярлап жатырмыз. Осы күнге дейін 440 резидент оқып шықты. 8 жоғары оқу орны білім беру бағдарламасы бойынша даярлауды жүзеге асырады және екі жоғары оқу орны кинезотерапия мен эрготерапия білім беру бағдарламасы бойынша мамандарды даярлайды. Олар мультидисциплинарлық топтың мүшелері болып табылады.

Мемлекет денсаулық сақтау саласының осы бағытын дамытуға үлкен мән беріп келеді. Еліміздің бас штаттан тыс реабилитологының айтуынша, бүгінде медициналық оңалтуды дамытуға 87 млрд теңге бөлінді. Республика аумағында екінші және үшінші кезеңдегі реабилитацияны жүзеге асыратын 12 200 төсек-орын және 387 стационар жасақталған.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Мерей Талап

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz