16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желіде тіркелуге тыйым салынуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, онлайн платформалар балаларға үлкен қатер төндіреді.
Ал бұл сол қауіптің салдарымен емес, себебімен күресуге бағытталған қадам. Өйткені өскелең ұрпақты қауіпті контенттен қорғау мәселесі күннен күнге күрделеніп барады. Жуырда Үкімет аталмыш заң жобасын Құрылтайдың қарауына жібереді. Президент депутаттарға бұл мәселені тыңғылықты қарастыруды ұсынды. Құжаттың пайдасы мен тәуекелі қандай?
Әлеуметтік желінің қазіргі күйі сізге де, бізге де аян. Онлайн платформалар бара-бара шаруасы шолақ, ісі салақтардың мекеніне айналып барады. Желіні ашсаң жын ойнақтан көз сүрінеді. Жағымсыз кейіпкерлер көбейген. Алайда мамандарды алаңдатып отырған тағы бір түйіткіл бар. Instagram, TikTok, Facebook сынды алаңдар жаман тәрбиенің ғана емес, қорқынышты қылмыстың да құралына айналған. 2023 жылы unicef әлеуметтік желінің отандық бөбектерге әсерін талдады. Сарапшылар мынадай ұйғарымға келді. Қазақстандағы балалар интернетке ерте жастан, яғни 5-8 жас аралығында кіреді және қалаған уақытында пайдалана алады. Енді мына бір сандарға зер салсақ. Елдегі әр оныншы бала желіде ешқашан жүзбе-жүз кездеспеген адамдармен араласқан. Одан қалды кездескен. Сол балалардың 11%-ы бейтаныс адамдарға өзінің суреттері мен видеоларын жіберген. 21 пайызы кибербуллингке ұшыраса, 15 пайызы жағымсыз контент көрген. Оның ішінде зорлық-зомбылық, өшпенділік, тіпті суицид жасау жолдарын үйрететін посттар бар.
Бекзат Аманов, тілші:
- Енді ең сорақысын айтайын. Сексуалдық сипаттағы контент қазақстандық жеткіншектер жиі кезігеді екен. Керек десеңіз, желінің ар жағындағы ересек адам үйдегі балаңызға ақша беремін деп алдап немесе басқа жолмен мәжбүрлеп сорақылыққа бопсалауы мүмкін. Балалардың 20 пайызы сексуалдық сипаттағы контент көрген. Үш пайызына ақша мен сыйлық үшін сексуалдық сипаттағы селфи сұралған. Екі пайызын кездесуге шақырса, тағы 2 пайызын бопсалаған.Сарапшылар сауалнама кезінде бұл сұрақ балаларды қатты алаңдатқанын айтады. Яғни кейбірі жасырып, шындықты айтпай қалған болуы да мүмкін. Бұл зерттеуден кейін 3 жыл өткенін тағы ескерсек, көрсеткіштің өскеніне күмән қалмайды.
Тағы айта кететін жайт. Бұл сауалнама тек 13 жасқа дейінгі балалар арасында жүргізілді. Ал 16 жасқа дейін өсе келе келеңсіз жағдай ушыға беретіні анық. Заң жобасының елдегі ең үлкен мінберлерде көтеріліп жатқаны да осыдан. Алайда бұл бастамаға бұқара қалай қарайды?
Бекзат Аманов, тілші:
- Президент балалардың психологиялық жай-күйіне төнген қауіптің салдарымен күресуді доғарып, алдын алатын кез келді деді. Интернет жастардың зейініне қатты әсер етіп жатқанын мамандар да растайды. Алайда толық шектеп тастау қаншалықты орынды? Балалармен жұмыс істейтін психолог маман Алма Мусапирова тыйым тастаудың тәуекелдері де бар екенін жеткізді. Оның айтуынша, ата-аналар жауапкершілік алып, баланың цифрлық сауатын арттыру керек. Әлеуметтік желіден алыстатқанша, ол жерде отырудың мәдениетін үйрету керек. Сонымен қатар шектеудің салдарын ұмытпаған жөн.
Алма Рақымбекқызы, психолог:
- Шектеудің кері әсері көп. Біз психолог ретінде зерттейміз. Келеңсіздікке ұшыраған балаларда шектеудің кері әсері болып жатады. Шектеуді көре берген бала сенімсіз болады, ішкі үрейі мен агрессиясы жоғары болады. Қарым-қатынаста ондай балалар көп агрессия көреді.
Ал киберқауіпсіздік саласының маманы Абылай Есін: «Әлеуметтік желілердегі пайдалы контенттің үлесі он-жиырма пайызға да жетпейді», - дейді. Оның өзінде пайдалы ақпаратты YouTube-тен немесе Google-дан да табуға болады. Ал әлеуметтік желілердегі қажетсіз дүниелер әлдеқайда көп. Сондықтан балалардың қауіпсіздігі тұрғысынан бұл – дұрыс қада екенін айтып, бұл мәселенің техникалық жағына да назар аудару керегін ескертеді. Мұндай шектеулерді айналып өту өте оңай. Балалар VPN немесе еSIM рәсімдеп кіре алады. Демек шектегеннен, бақылау орнатқан тиімдірек болуы мүмкін.
Абылай Исин, киберқауіпсіздік бойынша сарапшы:
- Балалар цифрландыру дәуірінде өсіп келеді. Заңды айналып өтудің жолын оңай табады. Ең алдымен, ата-ана баласымен дұрыс сөйлесуі керек. Бұған қоса, бақылауға арналған құралдар бар. Олар арқылы толық шектемей-ақ, реттеуге болады. Меніңше, Қазақстан бойынша бірыңғай ата-ана бақылауы жүйесін немесе арнайы қосымша әзірлеген жөн. Онда ата-ана баласының қандай контент көріп отырғанын, қай сайттарда отырғанын бақылап, қажет болған жағдайда шектеу қоя алуы керек.
Президент балаларға арналған міндетті SIM-карталарды енгізу тәжірибесін жаппай таратуды тапсырды. Бұл олардың ақпараттық иммунитетін қамтамасыз ете алады деді. Не болса да, көп ұзамай заңның нақты нормаларын білетін боламыз. Депутаттар да оған белсене араласады деп сенеміз. Бұқараға да өз ойын қосуға мүмкіндік берілетіні анық.
Тегтер #балалар #әлеуметтік желі #тыйым салу #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz