Ұлытаулық Сағындықовтар әулетінің бес өкілі шахтада еңбек етеді. Кеншілердің әкесі Есенбай қария да өмір бойы Қаражал шахтасында тер төккен.
Еңбек ардагері сол бейнетінің зейнетін көріп отыр. Балалары жолын жалғастырды. Үлкен әулеттің тау-кен өндірісі саласындағы еңбек өтілі ғасырға жуықтайды.
Есенбай ақсақалдың жасы сексенге таяды. Ауыр еңбекке ерте араласып, зейнетке шыққанша кеніште тер төккен қарияның қажыр-қайраты әлі бойында. Үйдің айналасындағы азды-көпті тірлікті өзі-ақ атқара береді. Бұл – қарттыққа мойымаған жанның немере мен шөбереге көрсеткен үлгісі.
Есенбай Сағындықовтың мамандығы – көлік инженері. Ғұмыр бойы Қаражал шахтасында еңбек етті. Елу жылдан астам қуаныш пен қиындықты қатар бөліскен жұбайы екеуінің бар байлығы – балалары. Есенбай ақсақал мен Күлай әже 8 баладан 27 немере мен 2 шөбере сүйіп отыр.
Есенбай Сағындықов, Қаражал қаласының тұрғыны:
- Атам қазақ айтқан ғой: «Отан отбасынан басталады» деп. Сондықтан отбасын Отанға теңегеннен кейін, ол оңай шаруа емес, меніңше. Бауыржан Момышұлынан «Қандай адамсың?» деп сұрағанда, «Оны халық біледі, мен қайдан білейін?» депті. Соған қарағанда, біз бәленбіз, түгенбіз деп айтуға қақым жоқ па? Оны Алла біледі.
Күләй Сағындықова, Е. Сағындықовтың жұбайы:
- Отбасының берекесі мен бірлігі — отағасы екеуміздің еңбегіміз. О кісімен институттың бірінші курсында қосылдық. Атам да, енем де жақсы кісілер болды. Ешқандай «әй» дегенін көрген жоқпын. Жолдасымның өзі де жамандық көрмеген адам. Тек үлкен кісілердің қас-қабағына қарап, сол кісілердің берген батасы шығар деп ойлаймын. Осындай халге жеткенімізге сол кісілердің батасы себеп болған шығар.
Сағындықовтарды Қаражал өңірі кеншілер әулеті деп таниды. Отбасындағы 8 баланың бесеуі әке жолын қуып, өндірісті таңдаған.
Берген Сағындықов, Е. Сағындықовтың ұлы:
- Ең бірінші шахтаға бұрғышының көмекшісі болып жұмысқа тұрдым. Бір жыл істеп, одан кейін оқуымды бітіріп, техника қауіпсіздігі бөліміне инженер болып келдім. Әкеміз бала кезімізден: «Біреудің ала жібін аттама, үлкенді сыйла», — деп айтып отыратын. «Осы өндірістің болашағы бар, оқыңдар, осы өндірісте істеңдер», — деп айтатын. Айтқанын істеп келеміз. Әкемнің берген тәрбиесін өз балаларымa да беріп келе жатырмын.
«Еңбек – ер атандырады» деген тәмсіл бекер айтылмаса керек. Сағындықовтардың мерейі тасып, ағайынның арасында беделі артса, ол – еңбектің арқасы. Бір әулеттен бірнеше адамның өндіріс саласын таңдауы тегін емес. Қаражалдың өндірісіне үлес қосу – бұл отбасы үшін атадан балаға жалғасқан парыз. Еңбекқор әулет биыл ұлттық «Мерейлі отбасы» байқауының өңірлік кезеңінде бас бәйгені жеңіп алды.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов
Тегтер #кеншілер #Ұлытау облысы #шахта #тау кен #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz