Таразды Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылымен жалғайтын жаңа қоғамдық көлік бағыты іске қосылды.
Автобустар 13 минут сайын қатынайды. Бұған дейін аудан тұрғындары Таразға таксимен қатынауға мәжбүр болған. Енді бұл мәселе шешімін тапты.
Аса ауылы Тараздан 25 шақырым жерде орналасқан. Мұнда 14 мыңға жуық халық тұрады. Күн сайын ауданның мыңдаған тұрғыны облыс орталығына жұмысқа және оқуға барады. Бұған дейін олар такси қызметін пайдаланған. Енді екі елді мекен арасында су жаңа кең автобустар қатынайды.
Аманкүл Орынтаева, аса ауылының тұрғыны:
- Оқитын студенттеріміз, жұмысшыларымыз бар. Мынау тұрған жерге бұрын таксимен жүретінбіз, автобус қатынамайтын. Қазір енді шүкір, жақсы болды. Мың да бір рақмет!
Назипа Абдуалиева, Аса ауылының тұрғыны:
- Өте жақсы болды. Міне, тарифтерін қазір өзгертіп айтып жатыр ғой жаңа: үлкендерге — 100 теңге, кішкентайларға - 50 теңге деп. Аралығы 13 минуттан деп. Өте жақсы, қуаныштымын. Әр уақытта жақсылық болсын!
Жаңа әлеуметтік маңызы бар маршрутта жеңілдіктер көп. Кәмелетке толмаған балаларға 50 пайыздық жеңілдік қарастылыған. Ал «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері мен бірінші топтағы мүгедектігі бар тұрғындар қоғамдық көлікте тегін жүреді. Сонымен қатар маршрутқа жоғары оқу орындары, денсаулық сақтау және өзге де әлеуметтік нысандар енгізілген.
Бақытжан Орынбеков, қала әкімі:
- Бізде 2023 жылдан бастап үлкен бағдарлама қабылданды. Осы үш жылдың ішінде қала аумағына 366 жаңа автобус сатып алынды. 15 бағыт ашылды. Оның ішінде жаңадан қосылған 14 елді мекен бүгінгі күні 100 пайыз қоғамдық көлікпен қамтамасыз етіліп отыр.
Қазір Тараз қаласында 46 бағыт бойынша 522 автобус қатынайды. Қоғамдық көліктің 85 пайызы жаңарған. Биыл автобус парктерін субсидиялауға жергілікті бюджеттен 12 млрд теңге бөлінді.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә
Тегтер #Тараз #елді мекен #автобус #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz