RU
Толық нұсқаға өту

Қытайдың астық нарығына тікелей жол ашылды

09.09.2026, 07:05 45

Диқандар астықты Қытайға тікелей сата алады. Қазақ-қытай бірлесіп, жаңа жобаны қолға алды. Қазірдің өзінде нәтиже бар. Қазақстандық экспорттаушы компаниялар көрші елдің ішкі нарығына тауар жөнелту туралы алғашқы келісімдерін жасады. 

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Қуан, қазақ диқаны! Енді өнімдеріңізді Қытайға еш кедергісіз саудалай аласыз. Бұған дейінгідей сатып алушыға делдал арқылы шығып, қосымша құн төлеп, күмәнді келісімшарт жасап, тәуекел етпейсіз. Отандық астық экспорттаушыларына жаңа мүмкіндік ашылды. Қазақстан мен Қытай арасында  астық саудалауға арналған электронды платформа іске қосылды.

Мұнда сауда-саттық онлайн жасалады. «Бұл сатушыға да, сатып алушыға да қолайлы», - дейді тараптар. Сапасы, бағасы, жеткізу уақыты бәрі-бәрі мемлекеттік деңгейде қадағаланады. Демек кепілдік бар. Диқандар платформаға кіріп, сатып алушыны өздері іздеп тауып, тікелей келіссөз жүргізе алады. Қазір 35 қазақстандық агрокомпания осы цифрлық алаңға тіркелген.

Жандос Әбдіқалықов, кәсіпкер:

- Платформаның пилоттық жобасына қатыстық. Бірқатар келісімшарт жасап, тиімділігін көрсетті. Өндірушілер үшін ыңғайлы. Мұнда барлық операциялар ашық жүргізіледі. Осы арқылы нарықтың жаңа есігі ашылып отыр.

Елімізде Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сәйкес, алғашқы кезеңде дәнді және майлы дақылдар сатылады. Сондай-ақ күнбағыс, рапс, зығыр және соя еніп отыр. Қытайда бұл өнімдерге сұраныс жоғары. Ә, дегенде-ақ  24 мың тонна зығыр жеткізу туралы келісім жасалды. Тіпті 2027 жылдың өніміне алдын ала тапсырыс беріп жатқандар да бар. Қазір екі мың тонна соя мен мың тонна рапсқа онлайн тапсырыс түсіпті.

Лю Хуаньсин, Қытайдың Азық-түлік және материалдық резервтер жөніндегі мемлекеттік басқармасының төрағасы:

- Астық сауда-саттығы жаңа цифрландыру кезеңіне қадам басты. Бұл екі елдің басшылары деңгейінде жасалған уағдаластықтардың жемісі. Жаңа жоба коммерциялық сенімді арттырады. Сонымен қатар шығындар мен кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді. Платформа сұраныс пен ұсынысты үйлестірудің тетігі болуға тиіс.

Назгүл Хатепова, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- Бұл платформада Қытайдың 50 мыңдай ауыл шаруашылығы кәсіпорындары тіркелген. 20 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп тұр. Бұл Қытай нарығына агроэкспортты арттыруға қосымша мүмкіндік. Қазақстан қытайлық серіктестерімен бірлескен инвестжобаларды іске асырып, екі елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмысты одан әрі жалғастыруға дайын.

Онлайн платформада қазақ және орыс тілдерінде жұмыс істеуге болады. Сарапшылар мұны екіжақты сауда-саттықтың жаңа көпірі деп бағалап отыр. Айта кету керек, Қазақстан Қытайдың ішкі нарығына арналған ұлттық платформасына қосылған алғашқы ел болып отыр.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы

 

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz