«Оймашы» әскери полигонында оқу-жаттығу өтіп жатыр. Маңғыстау облысындағы алқапта теңіз жаяу әскерлері бригадасының танк экипаждары нысана көздеуден кәсіби шеберлігін байқасты.
Мерзімді әскери қызметшілер Т-72 маркалы бронды техникаларды тізгіндеген. Оларға жауынгерлік тапсырмаларды орындауға бар-жоғы 3 минут уақыт берілді.
Ақтаудың іргесіндегі әскери полигонды таңсәріден танк зеңбіректерінің гүрсілі кернеді. Шынжыр табанды ауыр техникалар бірінен соң бірі атыс алаңына шығып, үш түрлі қашықтықтағы нысаналарды көздеді. «Сырт көзге күнделікті жаттығу болып көрінсе де, бүгінгі штаттық оқу-жаттығудың мерзімді әскери қызметшілер үшін маңызы ерекше», - дейді жауынгерлік бөлім басшылығы.
Әсет Саламат, танк батальонының командирі:
- Десантшы биіктіктен парашютпен секірмейінше, ол саланың майталман маманы екенін дәлелдей алмайды. Сол секілді штаттық атыс жаттығуларға қатыспаған әскери қызметші өзін танкші деп атауға құқы жоқ. Бұған дейін өткізілген теориялық сабақтарды сарбаздардың қаншалықты дұрыс меңгергені осы кезде анық байқалады. Соған қарап, олардың біліктілігіне баға қойылады.
Сынақ бағдарламасы шынайы ұрысқа мейлінше жақын жағдайда әзірленген. Тапсырма бойынша әрбір бронды техника ұзындығы 700 метр болатын кедергілер алаңына өтеді. Осы аралықта танк экипаждары үш нысананы тауып, тез жоюы тиіс. Алдымен қарсыластың танкін жою қажет. Келесі нысана – бронетранспортёр. Соңғысында пулеметшілерге жасағы бекінген орынды жермен-жексен ету міндеті қойылды. Осының барлығына 3 минут 10 секунд уақыт берілді.
Данияр Шадыман, гвардия қатардағы жауынгері:
- Жалпы бізде кәдімгі жауынгерлік оқпен атады. Бұл біздің жауынгерлік даярлығымызды көтереді бірінші орында. Ол, әрине, болашақта көмегін тигізеді деп ойлаймын. Жалпы әсері өте күшті. Басында, әрине, қобалжу болады. Бірақ офицер, сержанттардың арқасында қобалжуымызды жеңдік. Бәрі жақсы.
Т-72 маркалы танк – 40 тонна. Ауырлығына қарамастан, жауынгерлік машина полигон алаңында жеңіл көліктей жүйткиді. Әр танктің экипажы командир, көздеуші-оператор және механик-жүргізушіден құралады. Әрқайсының атқаратын өзіндік қызметі бар. Бірі ауыр техниканы ұршықтай иіріп, жүргізсе, екіншісі нысана көздеп, дәл атуға машықтанған. Ал жаттығу соңында жоғары баға алған экипаждың командирі осал еместігін осылайша ісімен дәлелдейді. Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев
Тегтер #танк #экипаж #нысана көздеу #әскери полигон #теңіз жаяу әскерлері #техника #Маңғыстау облысыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz