RU
Толық нұсқаға өту

Азғырға тақтайдай жол түседі

09.09.2026, 08:45 41

Атырау облысында Азғыр аймағына апаратын жол құрылысы басталды. Алғашқы 36 шақырымына асфальт төселіп жатыр. Ресеймен шектесетін аймақ Атыраудан 600, аудан орталығынан 300 шақырым қашықта орналасқан. Ондағы 4 ауылдық округте 7 мыңдай тұрғын бар.

Азғырлықтар үшін жол қатынасы оңай емес. Шекараны бойындағы ауыл тұрғындары жылдар бойы осы мәселені көтеріп келеді. Енді бұл ірі жоба 2030 жылы аяқталуға тиіс. 

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Күрежолдың жалпы ұзындығы – 282 шақырым. Оның бүгінде 3 учаскесінде жұмыс басталған. Қазір алғашқы 36 шақырымның 12 шақырымына жолшылар асфальт төсеп үлгеріпті.  

«7-ші бекет-Асан-Азғыр-Балқұдық-Сүйіндік» жолдарының жоба құрылысы биыл басталды. Қазір жолшылар құм-шағылды кесіп, тегістеп жолдың табанын дайындап жатыр. Бұл учаскеде 13 арнайы техника мен 30-ға тарта адам жұмыс еңбек етуде.

Кенжеғали Нағимов, жол учаскесінің басшысы:

- Қазіргі жұмыстар тегістеу жұмыстары. Бізде жоласты тегістеу жұмысы, оны қатайтып, катокпен басып, су шашып, сосын барып, бетіне шебень саламыз, 7 см-дей. Соған асфальт төсейміз.

Азғыр жолының алғашқы кезеңін жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 5,9 млрд теңге бөлінді. Жұмыстар келесі жылдың тамызында аяқталады. Одан бөлек,   36-шы шақырымнан 98-ші шақырымға дейінгі аралыққа жол салатын мердігер мекеме анықталып, іске кірісті. «Осылайша құрылыс кезең-кезеңімен жүзеге асады», - дейді жауапты мамандар.

Әсет Оразғалиев, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Сонымен қатар 98-180 шақырым учаскесіне жол салу мақсатында басқарма тарапынан жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып жатыр. Жоба облыстық бюджет есебінен жүзеге асырылуда. Құрылыс-монтаж жұмыстары бекітілген графикке байланысты бекітілген қаражат шегінде жүзеге асырылып жатыр.

Биыл өңірде облысішілік 320 шақырым жол салу және жөндеу жоспарланған еді. Өткен 7 айда 198 шақырымы тапсырылды. Өңірде жол жөндеу жұмыстарына қатысты 82 жоба бар. Оның ішіндегі ең көлемдісі осы Азғыр бағытындағы  күрежолдың құрылысы.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин  

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz