RU
Толық нұсқаға өту

Елорда әкімдігі 60-тан астам ауланы абаттандырды

09.09.2026, 12:00 42

Елордада тұрғындарының бастамасымен аулалар мен қоғамдық кеңістіктер кезең-кезеңімен жаңарып келеді. Биыл да бұл мақсатқа «Халық қатысатын бюджет» жобасы арқылы қаражат бағытталып, 60 аула абаттандырылды.

Бағдарлама аясында тұрғындар өз ұсыныстарын білдіріп, дауыс беру арқылы қай аумақтарға басымдық берілетінін анықтайды. Осылайша қала келбетін қалыптастыруға халықтың өзі де атсалысып отыр.

Қорғалжын тасжолының бойындағы «Көлсай» тұрғын үйі осыдан жиырма жыл бұрын бой көтерген. Ал оның ауласы соңғы рет 2013 жылы жөнделді. Биыл тұрғындар көптен күткен өзгерісті өздері бастап, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына қатысты.

Қайрат Ботабеков, қала тұрғыны:

- Біз өте қатты қуандық. Жақсы болды. Осы үйдің тұрғындары күтіп жүрген қаншама жылдан бері осы ауламыз өзгерсе екен деп. Сол арманымызға жеттік. Үлкен рақмет әкімдікке бізді қолдап, ауланы әдемілеп жасап бергеніне.

Енді мұнда балалардың ойнап, тұрғындардың спортпен шұғылдануына мүмкіндік бар. Жаңа алаңдар салынып, аумақ жарықтандырылды. Көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, демалыс орындары да қарастырылған. Орындықтар, қоқыс жәшіктері мен шағын сәулет нысандары айналаны ажарландыра түскен.

Сания Нұрғазина, қала тұрғыны:

- Балалардың ойнайтын алаңдарын жасағаныңыз өте әдемі болды, өте жақсы. Немереммен қыдырып шыққанда көрдім бәрін салып жатқанын, жөндеп жатқанын.

Илигай Қабдиева, қала тұрғыны:

- Менің бұл үйде тұрып жатқаныма 10 жыл болды. Біздің аула ұзақ уақыт бойы жөндеу көрмеген. Жақында ауламыз жаңартылып, кешке достарыммен бірге осында қыдыратын болдым.

Айта кетерлігі, биыл Нұра ауданында тұрғындардан түскен сегіз өтінім мақұлданған. Оның жетеуі жүзеге асырылды. Тағы екі жобаны жаздың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жалпы жыл соңына дейін елордада 173 аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру көзделген.

Авторлары: Дариға Ташенова, Бағдат Қайыркен, Еламан Мұстафа

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz