RU
Толық нұсқаға өту
Фото: ЖИ арқылы жасалған

«Қазір ал, кейін төле»: Ұлттық банк бөліп төлеу нарығын реттемек

09.09.2026, 14:25 24

Ұлттық банк бөліп төлеу және BNPL («қазір сатып ал да, кейін төле») өнімдерінің нарығына қатысты дискуссиялық құжат жариялады, деп хабарлайды 24KZ.

Қаржы реттеушісі мұндай қызметтердің тұтынушыларға әсерін бағалап, олардың құқықтарын қорғау тетіктерін талқылауға шығарды.

Қазір Қазақстанда тұрмыстық тауарлардан бастап автокөлік пен жылжымайтын мүлікке дейін көптеген зат пен қызметті бөліп төлеуге сатып алуға болады. Мұндай мүмкіндік халыққа қажетті тауарларды бірден алып, ақысын кейін өтеуге жағдай жасағанымен, сатып алушыға белгілі бір қаржылық міндеттеме жүктейді.

Банктер мен микроқаржы ұйымдары ұсынатын бөліп төлеу қызметтеріне сұраныстың артуына байланысты нарықта қаржы ұйымдарына қатысы жоқ компаниялардың да осыған ұқсас өнімдері көбейген. Олардың қатарында BNPL сервистері, сатушының тікелей бөліп төлеуі және кейін сатып алу мүмкіндігі қарастырылған жалға алу схемалары бар.

Ұлттық банк мұндай өнімдердің кейбірі іс жүзінде несиеге ұқсайтынын атап өтті. Мәселен, клиент тауарды қазір алып, оны белгіленген мерзім ішінде тұрақты төлемдермен өтейді. Кейбір келісімдерде төлем мерзімі өткен жағдайда айыппұл мен өсімпұл қарастырылуы мүмкін.

Алайда қаржылық емес ұйымдар ұсынатын мұндай бөліп төлеу өнімдері қаржылық қызмет тұтынушыларын қорғауға арналған арнайы талаптарға толық бағынбайды. Ұлттық банктің пікірінше, бұл азаматтардың құқықтарын қорғау және олардың жалпы қарыз жүктемесін бағалау тұрғысынан тәуекел тудырады.

Қаржы реттеушісі бөліп төлеу нарығын шектеуді көздемейтінін мәлімдеді. Себебі тауарлар мен қызметтерді төлемді кейінге қалдырып сатып алу мүмкіндігі халық үшін маңызды.

Сонымен бірге нарықтың көлемі мен ондағы тәуекелдерді бағалау үшін ақпаратты ашық көрсету және тұтынушыларды қорғаудың ең төменгі талаптарын белгілеу қажет.

Ұлттық банк нарық қатысушылары мен мүдделі тараптарды осы мәселе бойынша пікір білдіруге шақырды. Дискуссиялық құжат 8 апта бойы талқыланады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz