Мұнайлы өңірге Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Әзірбайжан, Грузия елдері мен Қазақстанның 15 өңірінен 300-ден аса жас жиналды.
Облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған іс-шарада жастар кәсіби дағдысын дамытып, бастамасын жүзеге асыруға мүмкіндік алады.
«Saraishyq upgrade» – креативті жастардың халықаралық алаңына айналған жоба. Биыл алтыншы рет өткізіліп отырған форумда қатысушылар креативті индустрияны дамытып жүрген білікті сарапшылар және тәжірибелі мамандармен кездеседі. Кинематография, музыка, маркетинг секілді алты бағыт бойынша пікір алмасады. Бұл олардың өз жобасын жүзеге асыруға да мүмкіндік береді.
Миргасан Гасанов, форумға қатысушы /Әзербайжан Республикасы/:
- Жастардың тәжірибе жинақтап, дамуы үшін мұндай форумдардың маңызы өте зор деп ойлаймын. Қазір жастар IT, музыка және басқа да заманауи бағыттарға қызығушылық танытып келеді. Сондықтан осындай салаларды зерттеп, жаңа бағыттарды меңгеру жастар үшін өте маңызды. Бұл Қазақстан жастарына ғана емес, жалпы ТМД елдерінің жастарына жастарына үлкен мүмкіндік береді деп ойлаймын.
Жастардың шығармашылық қабілетін шыңдауға арналған іс-шара екі күнге созылады. Халықаралық форумның ашылу салтанатына облыс әкімі арнайы келіп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Креативті индустрияны дамытуға ниетті жастардың үздік жобаларына қаржылай қолдау көрсетіледі.
Әмина Жәрдемқызы, облыстық Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары:
- Әрбір бағыт бойынша қатысушылар өзінің саласындағы проблемалардың бар екенін және олардың шешілу жолдарын талқылайтын болады. Өзінің саласындағы ең белгілі мәселені шешуге ұтымды жауап берген, жобасын ұсынған қатысушыларға 6 бағыт бойынша 500 мың теңгеден 3 млн теңге қаржы қарастырылған.
Форумға 300 жас қатысып жатыр. Олар форум аясында өңірдің тарихи-мәдени мұрасымен де танысады.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов
Тегтер #24KZ #Атырау #халықаралық форум #жастар форумы #грант #креативті индустрия #ТМД елдеріPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz