RU
Толық нұсқаға өту

Сарыағаш вокзалы қайта ашылды

09.09.2026, 20:40 40

Түркістан облысындағы «Сарыағаш» теміржол вокзалы жөнделіп қайта ашылды. Өткен ғасырдың басында пайдалануға берілген бекет 100 жылдан аса халыққа қызмет көрсетті.

Былтыр қайта жаңғырту жұмыстары басталып, биыл толық аяқталды. Бұл жоба Президенттің көлік инфрақұрылымын жетілдіру және халыққа қолайлы жағдай жасау жөніндегі тапсырмасына орай жүзеге асты.

Жаңартылған вокзалда жолаушылар үшін 30 орындық күту залы, билет кассасы, анықтама бюросы және асхана қарастырылған. Сондай-ақ ана мен балаға және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бөлме бар. Станция тәулігіне 500-ге жуық жолаушыға қызмет көрсетеді.

Мұстафа Сүлейменов, Сарыағаш қаласының тұрғыны:

- Вокзал – Қазақстанның кіре берісіндегі ең бірінші ғимарат, ең бірінші жолаушыларды қабылдайтын орын. Сондықтан бұл жердің әдемі, көрікті, айбарлы болуы міндетті дүние еді. Бұл вокзал енді келіп жатқан қонақтарға, елімізге пана болсын. Елге жақсы күндерде қызмет ете берсін.

Гүлшат Мәуленова аудандық Әжелер алқасының төрайымы:

- Тұрғындар үшін, біз үшін өте қуанышты жаңалық. Саялы Сарыағаш жерінде курорт бар, сол курортқа келген қонақтарға, ауданның тұрғындарына, жолаушыларға бүгінгі күнге сай қызмет ететін болып ішінің барлығы жақсы жабдықталған.

Жолаушыларға қауіпсіз әрі жайлы болуы үшін перрон жаңартылып, аумақ толық абаттандырылды. Бейнебақылау камералары мен дауыс зорайтқыш жүйелері орнатылды. Вокзал ғимаратының алаңы 450 шаршы метрден, 560 шаршы метрге ұлғайтылды. «Жаңа вокзал алдағы уақытта көлік қатынасын жақсарып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге оң ықпал етеді», - дейді мамандар.

Елжас Отыншиев «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

- Заманауи әрі жайлы вокзал бұл тек көлік нысаны ғана емес, туристік инфрақұрылымның маңызды бөлігі, Сарыағаштың өзіндік визиттік картасы. Бұл нысан туризмнің, қонақ үй, сауда және қызмет көрсету салаларының дамуына қосымша серпін береді деп сенемін. Бұл вокзал ізгі кездесулердің, қуанышты шығарып салулардың және туған жерге аман-есен оралудың мекеніне айналсын.

Түркістан облысында теміржол вокзалдары кезең-кезеңімен жөнделіп жатыр.  Биыл «Түлкібас», «Манкент», «Темір», «Арыс-2» және «Сарыағаш» вокзалдарының инфрақұрылымы жаңартылды. Бұл жұмыстар өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырып, тұрғындар мен туристерге көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz