RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан сирек металдар өндірісін қолға алды

09.09.2026, 21:10 34

Бірнеше өңірде жаңа зауыттар ашылып, жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ жаңа инвесторлар тартуға күш салынып жатыр. 

Серік Селеубайұлы, тілші:

- Мына қара тассыз жаңа технологияларды дамыту мүмкін емес. Себебі бұдан вольфрам деп аталатын сирек металл өндіріледі. Ал вольфрам әскери, ғарыш және машина жасау салалары мен химия өнеркәсібіндегі маңызды элемент. Тіпті одан электр құралдарын да дайындайды. Бастысы, біздің еліміз бұл металға өте бай.

Тау-кен металлургиясы елдегі елеулі бағыттардың бірі. Оның экономикадағы үлесі – 8 пайыз. Бірақ саланың одан әрі даму әлеуеті зор. Сондықтан Мемлекет басшысы былтырғы жолдауында сирек металдар өндірісін дамытуды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жаһандық үдерістерге сәйкес, сирек кездесетін металдардың және айрықша қажет басқа да материалдардың маңызы арта түсті. Бұл саладағы әлемдік өндірістер мен сауда-саттықтың жаңа желісінде өз орнын нықтап алуына Қазақстанның толық мүмкіндігі бар. Біз алдағы үш жыл ішінде тау-кен саласында жоғары технологиялық өнім шығаратын кемінде үш кәсіпорынды іске қосуға тиіспіз.

Қазақстан үшін бұл сала таңсық емес. Мәселен, титан, тантал, берилий, необий, рений сынды сирек металдар бұрыннан өндіріледі. Одан бөлек, бұл тізімде ілеспе висмут, селен, теллур металдары бар. Енді бұл қатарға жаңа зауыттар қосылмақ.

Шерхан Темір, ҚР ӨҚМ Өнеркәсіп комитетінің өкілі:

- Жақын уақытта галий Павлодар қаласында, сурьма Петропавл қаласында, Жезқазған қаласында рений, Қызылорда облысында ванадий металдары кіреді. Олардың басқа жобалардан ерекшелігі – шикізат көзі дайын. Яғни геологиялық барлау, одан кейін оны растау, техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу, инфрақұрылымды дамыту және өнім өндірісі зауытын салу жұмыстарын қажет етпейді.

Әлемде сирек кездесетін металдарға деген сұраныс жыл санап артып келеді. Тіпті алпауыт елдер өздеріне қажетті минералдар мен металдардың тізімін жасақтаған. Мәселен, АҚШ 50-ден астам элементті маңызды деп белгілеген. Еуропадағы тізімде де елуге жуық критикалық минерал бар. Сондықтан президент геологиялық барлау жұмыстарын күшейтіп, жер қойнауына қатысты мәліметтің бәрін жасанды интеллектіні енгізу арқылы жүйелеп, цифрландыруды тапсырды. 

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Диас Қовланбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz