Қызылорда облысында қайтарылған активтер есебінен 15 әлеуметтік нысан салынды. Солардың бірі – Қазалы ауданындағы Кардиология және инсульт орталығы.
Медицина мекемесінде заманауи аппараттар көмегімен жүрек пен ми қан тамыры зақымданған жүздеген тұрғынға сәтті операция жасалды.
Қазалылық Сермағанбет Мырзалының қан қысымы көтеріліп, денсаулығы күрт нашарлаған. Дәрігерлер оның қан тамыр жүйесінен ақау тапты. Аудандық көпбейінді аурухана жанындағы Кардиология және инсульт орталығында ем-дом алғаннан кейін, тұрғын дертінен құлан-таза айыққан.
Сермағанбет Мырзалы, Қазалы қаласының тұрғыны:
- Мына жерде тамыр бітелуге аз қалған дейді. 50 пайыз қалған, аз қалған дейді. Былай айтқанда ажалдан аман қалдық. Пайдасы халыққа тиіп жатыр.
Қазалы аудандық көпбейінді ауруханасы жанындағы кардиология және инсульт орталығы былтыр қайтарылған активтер есебінен салынды. Орталықта шұғыл да, жоспарлы да операциялар жасалады. Мұнда компьютерлік томография, ультрадыбысыты зерттеу және ангиограф сияқты соңғы үлгідегі аппараттар орнатылған.
Кенесары Баспаев, хирургия бөлімінің меңгерушісі:
- Ми тамырдың ішіндегі тамыр бітеліп, тромб тұрып қалып және инсульт белгісіндей тромбтарды аламыз. Немесе тромбаспирация дейміз, яғни ми тамыры ішімен барып, ұйып қалған тромбтарды алып шығамыз. Сонымен қатар біз жүрек тамыр жүйесінен жоспарлы түрде көмек көрсетеміз. Сол сияқты инсульттің профилактикалық мақсатында науқастарға көмек көрсетеміз.
Айгүл Медетбаева, Қазалы аудандық көпбейінді ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
- Қазіргі таңда кардиология бөлімінде 8 айда 912 науқас емделіп шықты. Жедел коронарография 423 науқасқа жасалынса, стент 116 науқасқа қойылды. Инсульт бөлімінде 426 науқас ем алып, 28 операция жасалды.
Жалпы өңірде қайтарылған активтер есебінен 14,1 млрд теңгеге 15 әлеуметтік нысан салынды. Олардың қатарында денсаулық сақтау мекемелері мен ауыз су жүйелері бар.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев
Тегтер #24KZ #Қызылорда облысы #қайтарылған активтер #әлеуметтік нысан #Кардиология және инсульт орталығы #ҚазалыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz