Елде ипотекаға сұраныс азайды. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға төмен. Сарапшылардың айтуынша, бұған баспана бағасы әсер етті. Бірақ екінші жартыжылдықта сұраныс қайта жандануы мүмкін.
Бірінші жартыжылдықта жаңа ипотекалық несиелердің жалпы сомасы 1 трлн 100 млрд теңгеге жетті. Тұрғындар мемлекеттік бағдарламаларды белсенді пайдаланады. Екінші деңгейлі банктердің нарықтағы ипотекалық өнімдері 39 пайызға азайып, 160 млрд теңгені құрады. Алайда Отбасы банк несиелері 30 пайызға артып, 900 млрд теңгеден асты.
Жанар Ізімбетова, «Отбасы банк» АҚ орталық филиалының басқарушы директоры:
- Биыл алғашқы жартыжылдықта 38 мыңнан аса азаматқа несие бердік. Олар жаңа баспанасына кіріп, қоныстойларын атап өтті. Осылайша көрсеткішіміз былтырғыдан асып түсті. Яғни нарықта белгілі бір төмендеу байқалғанымен, бізде мұндай үрдіс жоқ. Халық тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне сенеді. Біздің 4 млн салымшымыз бар. Алғашқы алты айда 500 мыңға жуық азамат депозит ашып, бізбен бірге баспана алуды жоспарлап отыр.
Ал Қазақстан құрылысшылар одағы дабыл қағатын себеп жоқ дейді. Олар бағаның өсуін растады. Себебі құрылыс материалдары қымбаттап жатыр. «Десе де, бұл сұранысқа қатты әсерін тигізбейді», - дейді одақ өкілдері. Өйткені, құрылыс қарқыны бәсеңдемеген. Биыл шамамен 21 млн шаршы метр тұрғын үй салынуы мүмкін деген болжам бар.
Вячеслав Лазарев, Қазақстан құрылысшылар одағы президентінің орынбасары:
- Кей құрылыс компаниялары бағаны 30-40 пайызға дейін негізсіз көтеріп отыр. Мұндай компаниялар қазір тұрғын үйді сата алмай қиналып отыр. Бірақ жалпы жағдайды тұрақты деп бағалар едім. Қазір инженерлік инфрақұрылымды дамытуға мемлекет тарапынан қомақты қаражат бөлініп жатыр. Бірнеше жыл ішінде 13 трлн теңгеден астам қаржы бөлінеді. Демек, құрылыс та қарқынын бәсеңдетпейді.
Бұл пікірге экономистер де келіседі. Олар елдегі ипотекалық портфельдің сапасын тұрақты деп бағалады. Банктердегі мерзімі өткен қарыздың үлесі 1 пайызға да жетпейді. Оның үстіне үшінші тоқсанда нарықтағы сұраныс қалпына келуін болжап отыр.
Тегтер #24KZ #баспана нарығы #ипотека #Отбасы банк #мемлекеттік бағдарлама #құрылысшылар одағыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz