RU
Толық нұсқаға өту

Агросалада 163 ғылыми жоба жүзеге асады

10.09.2026, 08:00 40

Жер құнарлы болса, өнім көп. Өнім сапалы болса, пайдасы мол. Егіні бітік, малы қоңды шыққанын қалаған шаруы ғылымға сүйенеді. Өйткені әлемде бәсекелестік артқан тұста, малды бағу, егінді өсіру ғана емес оның шығыны мен пайдасына қарау маңызды болып барады. Ғылым осы үшін қажет.

Ауыл шаруашылық саласында ғылыми техникалық жаңалық ашқан отандық новаторларға 250 млн теңгеге дейін грант бар. Одан тыс жергілікті әкімдіктер тарапынан да қаржылай қолдау көрсетіледі. Мақсат айқын. Бұл бастамалар ауылға жаңа технология енгізіп, өнім көлемін арттыруды көздейді.     

Кәдімгі мақсарыдан май ғана емес, өзге де өнімдер алуға болады. Мұны Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының бас ғалымы Мұхтар Құттыбаев зерттеген. Мұның ішінде пайдалы элементтер аз емес. «Бірақ Қазақстан әлем бойынша мақсары егуде бірінші орында болғанымен, өндіріске келгенде сұрақ көп дейді», - ғалым. Енді ауылшаруашылық саласына ғылымды жаппай тарту бастамасы осы тектес мәселелерді шешуге оң ықпал етуге тиіс.   

Мұхтар Құттыбаев, техника ғылымдарының докторы, профессор:

- Біз мақсары майын майонез, кетчуп пен соусқа қосуға болатынын ғылыми түрде дәлелдедік. Бұл үш өнім тамақ тұтынуда үлкен сұранысқа ие. Ал олардың қазіргі құрамында адам денсаулығына әсер етуі мүмкін зиянды элементтер бар. Мақсары майының өзіндік иісінен тұтынушылар қашатын шығар, бірақ оның пайдасы көл-көсір.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауылшаруашылық саласындағы ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу көрсеткішін 2030 жылға дейін 40 пайызға жеткізу тапсырмасы бар. Осы ретте отандық новаторларға арнайы гранттар бөлініп, тіпті салықтан босату тетіктері қарастырылған.    

Ернұр Айтекенов, ҚР Ауылшаруашылық технологияларын трансферттеу және комерциялау ЖШС басқарма басшысының орынбасары:

- Сонымен қатар осыған ұқсас «Казиновейшн» Ұлттық агенттігінің гранттары бар. 100 млн теңгедей грант алуға болады. Одан бөлек жергілікті әкімдіктерде «019» бағдарламасы бойынша қаржы алу қарастырылған.

Бүгінде отандық ғалымдардың 542 жобасы патенттеліп, 163 ғылыми зерттеу жұмысы оң нәтиже көрсетті. Бұл ауылшаруашылық саласы үшін жаңа серпіліс. Өйткені ынталандыру тетіктері көбейген сайын жаңа жобалар көбейеді. Ал жаңа жобалардың көбеюі саланың жаңғыруына, дамуына сеп болмақ.

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz